Төлемақы неге төленбейді?

602
көрілім

- Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында көпбалалы аналарға берілетін төлемақы маған берілмейтін болды. Оның себебін сұрасам, әлеуметтік бөлім қызметкерлері балаларымның кәмелеттік жасқа толып қойғанын алға тартады. Сонда баланың жасы 18-ден асса анасына табысталатын бірреттік мерекелік төлемақы берілмей ме? Болса ол қандайда бір заңнамалық құжатпен бекітілген бе? Жалпы бөлім қызметкерлерінің осылайша айтуы заңды ма?

Катонқарағай ауданы, Аққайнар ауылынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға Катонқарағай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Лаура Тоқсанова жауап берді:

- Биылғы жылы 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында көпбалалы аналарға Катонқарағай ауданы бойынша 822 азаматша бір реттік төлемақы алды. Аталмыш төлемақы "Катонқарағай ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Катонқарағай аудандық мәслихаттың 2014 жылғы 17 сәуірдегі №22/157 шешімі негізінде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесінде "Алтын алқа", "Күміс алқа" медальдерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, төрт және одан көп кәмелетке толмаған бірге тұратын балалары, соның ішінде жасы 23-ке толмаған жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитын балалары бар көпбалалы аналарға бірреттік төлемақы 5,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді.

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, аталмыш төлемақы төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға ғана төленетін көрінеді.

Сондықтан балалары кәмелеттік жасқа толған Аққайнар ауылының тұрғыны, аталмыш азаматшаға мұндай төлемақы төленбейді, - деп қосты Лаура Жұмақанқызы. - Алдағы уақытта осындай мәселемен бетпе-бет келген көпбалалы әйел-аналар жергілікті жердегі ауылдық округ әкіміне және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіне алады.