«Торпедо-2010» – Қазақстан чемпионатының бірінші турының жеңімпазы

1403
көрілім

Қазан айының 7-10 аралығында Өскеменде 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының бірінші туры ойындары өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тартысты ойын Сәтбаев даңғылы бойындағы модульде өрбіді.
«Торпедо-2010» барлық қарсыластарынан басым түсіп, тек «Жастар» ұжымымен болған кездесуде бір ұпай жоғалтып, буллиттер сериясында жеңді.


Өскемендік жеткіншектер шешуші ойында астаналық «Барысты» 5:3 есебімен ұтты. Ойында алма-кезек шабуыл өрбіп, жанкүйерлер төреші ысқырығына дейін алаңдаумен болды. «Торпедо» командасы үш мәрте алға шықса да (1:0, 2:1, 3:2, Максим Органов, Максим Фролов және Дінислам Төлеген ), «Барыс» үнемі голмен жауап бере білді. Үшінші кезең де қызыққа толы болды. Қарымта шабуыл кезінде торпедолықтар кезекті басымдық танытты. Алдымен Мансұр Нұрланның имек таяқпен бағыттаған соққысы тордан табылса, матчтың аяқталуына алты секунд қалғанда Богдан Рыбалко астаналықтардың бос қақпасына гол соқты. Сөйтіп, 5:3 есебімен өскемендік ұжым жеңіске жетті.


- «Торпедо-2010» қақпашысы Ясар Жапаровтың сенімді ойынын атап өтейік! Жарайсың! Команда мен жаттықтырушылар Алексей Бекетов, Павел Макеров, Андрей Псаревті құттықтаймыз! - делінген ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Бірінші турда бақ сынаған командалар:
«Торпедо» (Өскемен)
«Барыс» (Астана)
«Жастар» (Қарағанды)
«Астана» (Астана)
«СКА-Стрижи» (Алматы)
«Юность-Металлург» (Теміртау)
«Барыс-2» (Астана)
«Барыс-3» (Астана)