Өскеменде шайбалы хоккейден 2007 жылы туған жасөспірімдер арасында ел чемпионатының IV туры аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Б.Александров атындағы Спорт сарайы таңдаулы алты ұжымның басын қосты. Әу баста жарыста жеті ұжым бақ сынауы керек еді. Өзбекстандық команда соңғы турда жарыстан шығып қалды. Себебі, белгісіз. «Торпедо» жасөспірімдер клубының бапкері Антон Комиссаровтың шәкірттеріне көңілі толады. «Былтырғы нәтиже қалай болды?» деп сұраған едік, жаттықтырушы осы маусымнан қызметіне кіріскен екен.
– Өткен жылы бұл командамен жұмыс істей алмадым. Бірақ жігіттер жарап тұр. Соңғы ойында тәртіп бұзбадық. Әйтпесе, «Астана» оңай шағылатын жаңғақ емес. Қарымта шабуылда қауіпті. Ешбір ойыншыны бөліп-жарғым келмейді. Алғашқы минуттан ойын соңына дейін босаңсымады, – деді Антон Комиссаров.
Анығы сол, IV тур кезінде торпедолықтар сан басымдығын ойдағыдай жүзеге асыра алмады. Бапкер де осыны айтты. Жаттығуда бәрі мінсіз болғанымен, іске келгенде жүзеге аспады.
– Тіпті, қарсылас команда үш ойыншымен қалғанда мүмкіндікті пайдалана алмадық. Әсіресе, қарағандылық «Юностьпен» ойнағанда байқалды. Бір емес, екі рет үш ойыншымен қалды. Содан болар, 2:3 есебімен жол бердік, – деді жаттықтырушы.
Ел чемпионаты IV турдан тұрады. Ойындар жыл көлемінде әртүрлі қалада жалғасады. Шешуші матчта «Торпедо» «Астананы» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Егер жеңіліп қалса, онда чемпионатты 3-ші орынмен аяқтайтын еді. Бірақ айдын иелері жинақылық танытып, қорғаныста да сауатты ойнады.
Айтпақшы, бапкерлер әр ұжымда қақпашылар сәтті ойнағанын жеткізді. Бұл ретте «Астана» командасы сапындағы Дулат Еркінов 2023-2024 жылғы маусым қорытындысында «Үздік қақпашы» атанды. Өзінің айтуынша, «Jas Ligasy» аясында әлі де ойнай түспек. Басқа командалардан да шақырту болған. Бірақ «Астанадан» кеткісі жоқ.
– Маусым басталғанда осы ұжыммен чемпион болуды мақсат еткен едім. Сол меже орындалды. Бек қуаныштымын. Өскеменге жиі келіп тұрамын. Алда дайындықты күшейту керек. Тоғыз жылдан бері хоккей ойнап келемін. Бұған дейін 2017-18 жылдары топ жарған едік. Осы турда «Торпедо» мен «Юность» командалары аса тартысты ойын көрсетті, – деді Дулат Асылханұлы.
«Юность» ұжымының бапкері Алексей Гордин шәкірттеріне сәл сәттілік жетпегенін айтты. Әйтпесе, бабы келісіп тұрды. Ойын тәртібін жиі бұзып, содан кем құрамда ойнауға мәжбүр болған кездері бар.
– Таза, қағылмай, соғылмай ойнау қиын. Хоккейде қақтығыс та, күштік әдіс те бар. Бастысы эмоцияны қадағалай білу керек. Әйтпесе, ойыншы алаңнан қуылады. I-ші және II турға қарап, көш басына шығу жағын ойладық. Бірақ ол кезде «Торпедоға» есе жібердік. III турда ұтқанымызбен, ұпай жинау қиынға түсті. Дегенмен соңғы матчта «Астана» жеңіске жеткенде, біз екінші орынға көтерілер едік. Олай болмады. Қола медаль да жақсы нәтиже деп ойлаймыз, – деді бапкер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ