«Торпедо» қарсыласын ойсырата ұтты

432
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында турнир кестесінде қарайлас тұрған қос ұжым кездесіп, жергілікті команданың сенімді жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазір ел чемпионаты тәмамдалуға шақ қалды. Плей-офф кезеңіне өткен клубтардың біршамасы белгілі. Кезекті теке-тірес Шығыс топырағында өрбіді. Шайбалы хоккей бәсекесі өскемендіктер үшін шағын мерекемен тең. Спорт сарайы көп жағдайда лық толады. Осы жолы да солай. Қарағандылық «Сарыарқа» Александр Шахворостов баптайтын ойыншылардың сыралғы қарсыласы. Осы күнге дейін «Торпедо» төртінші, қарсыласы бесінші орында тұрған болатын. Бүгінгі ойыннан соң да бәлендей өзгерістің болуы екіталай еді. Қызығы сол, алты-жеті жастағы бүлдіршіндердің өзі жанұшыра айқайлап, сүйікті командасы үшін тақым қысты.

Бірінші кезең бастала салысымен екі ұжым ойыншылары қысқа пас беру арқылы ойынға жан бітірді. Бірақ Альберт Коваль қорғаған қақпаға алғаш болып торпедолықтар соққы бағыттады. Арада бес-алты минут өткен соң өскемендік клуб есеп ашты. Андрей Лагуновтың пасын ұрымтал пайдаланған Александр Архипов шайбаны қақпа торына бүлк еткізді. Осы сәттен кейін бас бапкер Владимир Князев шәкірттері жиі қателесе бастады. Шайбаны ырқына көндіре алмай, пас беруде олқылықтарға жол берді. Дегенмен Шингареев, Сайко сынды әккі ойыншылар ретін келтіріп, Андрей Янков қорғаған қақпаны нысанаға алып көрді. Соққылар бойынша айдын иелері алға шықты. Айта кетер жайт, бірінші кезеңде күштік әдістер аз болды.

Тек Дмитрий Белохонов кезеңнің дәл ортасында Евгений Болякинді қапталға «жабыстырып», жеңіл-желпі жарақат келтірді. Дегенмен барлығы ереже сай. Төреші ысқырығы үнсіз, тәртіп бұзылмады. Бірінші кезең аяқталуына 9 минут қалғанда Александр Панченко ұзақ уақытқа ойыннан қуылып, «Торпедо» кем құрамда ойнады. Бұл ретте қорғаныс сыр бермеді. Тіпті, қарағандылық ұжым қарсыластың ойын алаңына орныға алмай, көп қателесті. Осындай қарбалас шақта Саян Данияр алға жүйткіп, командаластарымен нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Александр Архипов пен Андрей Лагуновтан пас алған ол қақпаға қақырата соққы жұмсап, есепті 2:0-ге жеткізді. Жанкүйер қиқуға басып, қолдауын аямады. Евгений Сулимов үшінші гол соққанда «Сарыарқа» бапкері қақпашы ауыстырып, ойынға өзгеріс енгізуге тырысты. Екі команда алма-кезек сұңғыла пастар шығарып, қарымта шабуылда нәтиже шығаруға ұмтылды.

Бірінші кезең аяқталуға таяғанда қарағандылық хоккейшілер соққылар бойынша «Торпедоға» жақындап, есепте өзгеріс енгізуге барын салды. Дегенмен жергілікті ұжымның жинақы қимылы мен жанкүйер қиқуынан келесі кезеңде де Александр Шахворостов шәкірттерінің сенімді ойнайтыны анық еді.

Солай болды да. Қызбалыққа салынған қарағандылықтар ашуға ерік беріп, жігіттер бірге-бір төбелесіп алды. Мұның барлығы көрермен көңілін бір серпілтіп, тартысты ары қарай жалғасты. «Торпедо» екінші кезеңде 2 гол салса, «Сарыарқа» бір шайбамен жауап қатты.

Ал шешуі кезеңде өскемендік клуб шабуылшысы Александр Панченко тағы бір гол соғып, есепті 6:1-ге жеткізді!

 

Осыдан соң жергілікті команда 62 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орынға сенімді тұрақтаса, «Сарыарқа» 53 ұпаймен алтыншы орынға сырғыды. Ойыннан соң қарсыластың бас бапкері Владимир Князевтің ойын білдік. Оның сөзінше, алғашқы кезеңдегі үш гол матч барысына айтарлықтай әсер етті.
- Есепте біршама алға ұзап кеткен соң өскемендік ұжым қақпасына гол салу қиынға түсті. Дегенмен шайба соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Бір есептен қақпашы сенімді өнер көрсетті. Бастысы, плей-офф-қа шықтық. Қателіктермен жұмыс істеуге уақыт бар. Дене дайындығына мән беріп, артық және кем құрамда сәтті ойнау үшін әзірлік жүргіземіз. Командада әлі де тактикалық кемшіліктер бар, - деді бас бапкер.
Ал қызбалыққа салынып, Дмитрий Громовпен төбелескен «Сарыарқа» шабуылшысы Константин Пальмтаг та пікір білдіруде тартынып қалмады. Айтуынша, командаласына дөрекі ойнағаны үшін шыдап тұра алмады. Есе қайтару керек болды.
- Мен тафгай емеспін. Бірақ кейде мінез көрсетіп тұрған да орынды. Тәртіп бұзып, ойыннан қуылған кезде, қорғанысқа мән береміз деп біраз ентіктік. Иә, матч барысын ойын нәтижесіне қарап-ақ айтуға болады. Мүмкіндігінше, айқасып бақтық. Алда плей-офф, соған дайындалу керек. Қызықтың бәрі әлі алда. Қандай қарсылас түссе де, лайықты ойын көрсетуге тырысамыз. Осалы жоқ, - деді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ