Төтенше жағдай режимі енгізілгелі ШҚО-да 100-ден астам кәсіпкер әскерилерге азық-түлік жеткізген

762
көрілім

Шектеу шаралары енгізілгелі жұмыстары тоқтап қалған өңірдегі біршама іскер жандар қандай да бір кеңес пен құқықтық көмек алу үшін кәсіпкерлер палатасына жиі жүгінуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сонымен қатар олар стратегиялық маңызы бар нысандарды күзететін әскери қызметшілерге қамқорлық жасауды да естерінен шығармаған.

ШҚО-дағы кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкілеттінің өкілі Әлия Мұқашева төтенше жағдай кезінде облыстағы кәсіпкерлер палатасы қалай жұмыс істейтіндігімен бөлісті.

Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін ШҚО Кәсіпкерлер палатасының call-орталығына облыс аумағында төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты 337 қоңырау келіп түскен. Бизнес төңірегіндегі негізгі сауалдар алкоголь өнімдерін сату (94 қоңырау), блок-бекеттерді кесіп өту (23), форс-мажор басталғаны туралы куәлік алу (18), тәртіпсіздіктерден келтірілген залалды өтеу (13), азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді аудандарға жеткізетін көлікті қайтару (12), лицензиялық алымды төлеуді кейінге қалдыру (10), бензин мен газдың шекті бағалары (28), коменданттық сағат кезеңінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді ауыстыру (2) бойынша қойылды.

Сондай-ақ кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің әрекетіне шағымданып (6 қоңырау), коммерциялық объектілердің жұмыс режиміне, елді мекендер ішіндегі қозғалысқа пен өзге де жағдайларға байланысты (30) сауалдарын қойды.

Әлия Мұқашева шығынға ұшырап, тұралап қалған бизнесті қолдау мақсатында елімізде «Күшіміз бірлікте» қоры құрылғанын тағы бір еске салды. Ол арқылы кез келген ниетті 5-ші қаңтар күні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен шағын бизнес өкілдеріне қолұшын бере алады.

– Облысымыздағы бизнес-қоғамдастығына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бір апта ішінде аймақтағы 100-ден астам кәсіпкер әскерилер мен тәртіп сақшыларына азық-түлік жеткізу бойынша көмек көрсетті, – деді Әлия Мұқашева.