Елімізде манту екпесінен бас тартыла ма?
Еліміздің фтизиатр мамандары манту екпесін өзге сынамаға ауыстырмақ. Себебі туберкулезді тестілеуде манту сынамалары өз-өзін ақтамайды. Ал оның орнын басатын жаңа сынамалар – аллергия беретін компоненттері жоқ, көп жағынан тиімді болып есептеледі. Бұл туралы фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты.
Қазіргі уақытта дәрігерлер туберкулезді емдеудің жаңа әдістерін анықтаудың қорытындысын күтіп отыр. Бұл курстар оң нәтиже береді деп болжануда. Елімізде 100 мың адамның 48-і туберкулезбен ауырады екен. Статистика бойынша бұл көрсеткіш 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 2 есе төмен. Бүгіндері бұл аурудан қайтыс болатындар саны азайып келеді. Бұрынғыдай емес, емдеудің де түрлі әдіс-тәсілдері пайда болған. Дегенмен азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарап, емделуге асықпайтынын ескерсек, қиындықтар да жоқ емес.
– Манту екпесі – тиімділігін дәлелдеген бұрыннан белгілі әдіс. Көп елде, соның ішінде Қазақстанда да балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез жұқтыруы мүмкін науқастарды анықтау үшін қолданылады. Ол болды, бар және бола береді. Оның және басқа да зерттеулердің көмегімен фтизиаторлар бала ағзасында туберкулез бар-жоғын анықтай алмаған өте сирек жағдайларда қосымша әдістер қолданылады. Бұл әдістерге диаскинтест және квантиферон тесті жатады, – деді Мәлік Әденов.
Оның айтуынша, манту сынамасы алынып тасталмайды, керісінше, толықтырылады. Туберкулез диагнозы толық клиникалық тексерістен кейін қойылады.
– Туберкулез ауа арқылы жұғады. Тиісінше, біз аурудың анықтау үшін, байланысқа түскен адамдардың бәрін тексеруге тырысамыз. Әр жағдай тыңғылықты тексеріледі. Ал пациентті бақылап, басқа адамның дертке шалдығуына жол бермес үшін медициналық қызметкерлер деңгейінде анықтайды», – дейді Мәлік Әденов.
Манту реакциясы – 1908 жылы пайда болған, француз дәрігері Шарль Манту ойлап тапқан сынама. Терінің арасына құю арқылы адам бойында туберкулездің белгілерінің бар-жоғын анықтайды.
Айта кетерлік бір жағдай, манту екпесі туберкулез ауруы көп таралған елдерде ғана қолданылады. Бұған ТМД мемлекеттері, Азияның кейбір көптеген мемлекеттері, Африка, Оңтүстік Америка елдері кіреді. Ал, дамыған елдерде бұл екпе тек қана дамушы және кедей елдерден келген иммигранттарға және туберкулезбен ауырған адамның отбасы мүшелеріне ғана салынады. Ал жалпы тұрғындары манту туралы көп біле бермейді. Өйткені ол жақта туберкулез ауруы жоққа тән.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ