Пәрменді патшалықтар, қарқыны шыдас бермеген қағанаттар, мемлекеттер мен ұлыстар… Түркі тілдес халықтардың ғұмыры небір нәубет жылдармен байланысып, табанды көтеріліс, ауқымды төңкерістермен тарих қойнауына кеткен. Қазір саясат сахнасында да, төртжылдықтың басты бәсекелерінде де жаңа бір әлеуетпен төбе көрсетіп, ресми жиындарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеді. Түрлі басқосулар мен саммиттер бірлесе әрекет етуге бастамашы. Жалпы, түркі тілдес мемлекеттерге қай елдер кіреді, олардың басшысы кім, қазір халқының саны қанша? Түрлі деректерге сүйене отырып, газет тілшісі қысқаша анықтамалық материал әзірлеген еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жерде мақаланың негізін құраған алты мемлекет қана емес, автономиялық республикалар мен жойылып бара жатқан түркілік ұлттардың барын қаперден шығармайық. Жердің әр түкпіріне пышырап, ділі мен дінін сақтап отырған жайы бар. Әлбетте, ең әуелі халық санының көптігіне қарай мәлімет ұсынған жөн.
Түркия (түріктер – 85 млн)
Кейбір деректерде Түркия түркі әлемінің тұтқасы деп те жазылған. Әскері айбынды, жер жағдайы таулы қыратты һәм отбасы құндылығын бәрінен биік қоятын егеменді ел.
Қазіргі Түркия Осман империясы ыдыраған соң 1923 жылы құрылды. Жағалауын үш бірдей теңіз суы шайып жатыр: солтүстігінде – Қара, батысында – Эгей және оңтүстігінде Жерорта теңізі асып-тасып, тепсінуде. Халқының саны 83 миллионнан асып жығылатын алпауыт мемлекет сегіз елмен шектеседі. Жер көлемі жағынан 36-шы орында. Бас шаһары – Анкара. Мұндағы тұрғындардың ұзын-ырғасы – бес жарым миллионнан асады. Жалпы, ірі қалаларына Ыстамбұл, Измир, Бурса, Адана, Анталья, Газиантеп және Конья жатады. Қызығы сол, Түркия жерінің 97%-ы – Азияда, тек 3%-ы ғана Еуропада. Мұндағы жұртшылық түрік лирасымен сауда-саттығын жасап, әралуан кәсіп түрлерімен айналысады. Соның бірі – балмұздақ жасау. Бұл жағына келгенде әрбірінің барын сала, аптапта кенезесі кепкен жандардың шөлін басу үшін түрлі шоу элементтерін жасап, бадам мен пісте қосылған балмұздақтың дәмін татуға шақыратын көрінеді. Мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоған 2014 жылдан бері осы елді басқарып келеді. Ұрандары «Жұрт та бейбіт, дүние де бейбіт».
Өзбекстан (өзбектер – 30 млн)
Бағзы заманнан саудаға жаны жақын, егіншілікке келгенде ешкімге есесін жібермейтін экономикасы индустриалды-аграрлы ел. Жалпы болашақ Өзбекстанның тарих сахнасына шыға бастауы XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың бас кезімен тұстас.
Орта Азияны Мұхаммед Шайбанидің көшпелі өзбек тайпалары басып алып, жергілікті жұртпен сіңісулері нәтижесінде «өзбек» этнонимі орныға бастаған. XVII-XVIII ғасырларда Хиуа, Бұхар және Қоқан хандықтары құрылып, ішкі-сыртқы соғыстар үздіксіз жалғасып отырса да шаруашылық мәдениетін сақтап қалуға барын салды. Мемлекеттің қазіргі атауы 1991 жылы бекітілген. Осы уақытта Өзбекстандағы тұрғындар саны 33 миллионнан асып жығылады. Сум – мемлекеттік валютасы. Бұл жақтың тісқаққан аспаздары палау әзірлеудің 100-ге тарта әдісін білетін көрінеді. Кейбір деректер Өзбекстанда жүріп аш қалу мүмкін еместігін, әр шаһарда, тіпті елді мекендердің өзінде мейрамхана мен асхана бар екендігін растайды. 2016 жылы Мемлекет басшысы болып Шавкат Мирзиеев тағайындалғалы прокурорлық қызметке тағайындалғандардың жұмысы ұдайы тексерістер өткізіліп тұрды. Президенттің пайымынша, «ең үлкен ұрылар» деген ұғым осы лауазым иелерімен етене байланысты.
Қазақстан (қазақтар – 15 млн)
Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» тарихи романында қазақ сөзінің пайда болуына аз-кем анықтама беріліпті. «Сақ, қайсақ иран сөздері болғанда, қазақ деген сөз қайдан шыққан? Кімдікі? Біздің ойымызша, бұл сөз көне фарсы тілінен келген.
Өзінің мазасын ала берген көшпелі жауынгер тайпаларын фарсылар, сақ, ал өздеріне қызмет істеген әскерді кейсақ десе, олардың түбі қыпсақ, қыпшақ, қайсақ, қассақ, қазақ деген сөздерге ауысуы мүмкін...». Қалың кітаптың 270-ші бетінде осылай деп жазылған. Алтын Орда ыдыраған соң қазақ рулары сыртқы жаулармен үздіксіз соғыстар жүргізе отырып, ақыр соңында Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Қазақ хандығы құрылды. Содан бері талай хан ел басқарып, қазіргі уақытта тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толған зайырлы мемлекет. Жер көлемі жағынан тоғызыншы орында екендігі көпшілікке мәлім. Соңғы жүргізілген санаққа сәйкес республикадағы тұрғындар саны 19 миллионға жуықтады. Төл теңгесі 1993 жылы бекітіліп, 130-дан астам ұлт пен ұлыс бір Тудың астында ғұмыр кешуде. 2019 жылы маусым айының тоғызында барлық дауыстың 71% жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізігінін қолға алған.
Шұғыл континентті климатқа ие мемлекеттің қысы қатты, жазы аптап. Бейресми деректерге сенсек, Алматы облысындағы халық саны – 2037393, Шығыс Қазақстанда – 1379039, сондай-ақ 1378863 адам. Ал Нұр-Сұлтан шаһары әлем бойынша ең қысы суық астаналардың ішінде екінші орынға жайғасқан. Бұл елде де отбасы құндылығының алар орны айрықша. Жасы үлкенді құрметтеп, кез келген ортада әдептен озбайтын дархан көңіл халқының ұраны – «Алаш!»
Әзірбайжан (әзірбайжандар – 40 млн)
Каспий жағалауымен Закавказьенің шығыс бөлігінде орналасқан, кейбір мәліметтерде Таяу Шығыс елдеріне жататын мемлекет. Ресми атауы – Әзірбайжан Республикасы. Көбіне ауылшаруашылық саласына ден қойып, экомомикасын тек осы арқылы өрлетуге көшкен.
10 миллионнан астам халқы бар ел әзірбайжан манатымен саудасын жасайды. Түрлі халықаралық ән байқауларында бойында әзірбайжандық қаны бар өнерпаздар едәуір сәтті өнер көрсетіп келеді. Жалпысында, өндіріске, машина құрастыруға мән беретін мемлекет. Саяси аренада Мемлекет басшысы Ильхам Әлиев келгелі тұрақтылық орнап, Армениямен болған Карабах дауына біржола нүкте қойып, алауы тұтана бастаған соғыстың алдын алды. Әлемдік спортты алып қарағанда әзірбайжанждықтарда еркін күрес пен дзюдо қарқынды дамыған. Соның ішінде еркін күрес шеберлері Жазғы олимпиада ойындарынан алтын, күміс медальсіз қайтқан емес. Италия, Ресей, Германия, АҚШ және Түркия елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасы берік, тек Армениямен атқұйрығын кесіскен. Этностық құрамына зер салсақ, мұнда жергілікті жұрттан бөлек, лезгин, армян, орыс, талыш, авар, татар сынды ұлттардың үлесі басым. Ауылшаруашылық саласы демекші, әзірбайжан халқы жүзім, көкөніс өсіру, темекі өнімдерін өндіруден біршама жақсы қалыптасқан.
Қырғызстан (қырғыздар – 5,5 млн)
2020 жылдың қаңтарындағы санаққа сәйкес Қырғызстандағы халық саны – алты жарым миллионнан асты. Қазақстанда 30-шы тамыз – Конституция күні ретінде атап өтілсе, айыр қалпақты ағайындарда тамыз айының 31-і күні Тәуелсіздік күні болып тойланады.
Айтулы күндердің аралығы да алшақ емес. Қырғыз халқының үлесі 72%-ды құраса, өзбектер – 14,5%, орыстар – 6,4%, сондай-ақ украиндар, қазақтар, татарлар, ұйғырлар, немістер және тағы басқалары. Елдің валютасы сом деп аталады. Әкімшілік ауданы Ош және Бішкек сынды екі ірі қала мен жеті ауданға бөлінген. Қазіргі Президенті Садыр Жапаров Мемелекет басшылығына 2021 жылғы қаңтар айында келді. Жалпы, ел басшылары жиі ауысады. Мемлекет тарихында ең ұзақ Президент болған саяси тұлға – Асқар Ақаев.
Түркіменстан (түркімендер – 8 млн)
Батысын Каспий теңізі шайып жатқан елдің қазіргі Президенті Гурбангулы Бердымухамедов. Сапармұрат Ниязовтан соң ел тізгінін ұстаған саяси тұлға спорттан да қаражаяу емес. Сенесіздер ме, 1972 жылы грек-рим күресінен Ашхабад шаһарында топ жарып, араға жыл салып, ату спорты бойынша Түркіменстан елінің чемпионы атанды.
Мемлекеттің құндылығы саналатын алабай тұқымының көбеюі мен жастар рухын көтеруге негізделген ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрген. Одан бөлек, табиғи газ өндіруді де бір бағытқа қойып, Әлем бойынша үздік бестіктен орын алады. Бұл жақтың да валютасы – манат. Жуырда ғана халық саны алты миллионнан асып, демографиялық тұрғыда тұрғындар саны біршама көбейді. Табиғатынан жануарларға жаны ашып тұратын жұрттың ахалтеке жылқысына деген құрметі айрықша. Мемлекеттің Елтаңбасында да ахалтекенің белгіленуі қылұйрықтының қадір-қасиетін аңғартады.
***
Бұдан бөлек, түркі тілдес ұлттар ҚХР-дағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасы мен Гансу провинциясының Сунань (сары ұйғырлар) уезінде, Ресейдегі Тува, Татарстан, Башқұрстан, Дағыстан, Алтай, Қарашай-Балқар автономиялық республикасында, Астрахань, Омбы облыстарында, Чувашия, Якутия (Саха), Хакасия, Украина құрамындағы Қырым мен Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстанда, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында тұрады. Әлем бойынша түркі тілдес халықтар саны – 240 миллионнан асады. Дегенмен бұл тек бірнеше деректің орташа есебі, нақты санақ ұсынылған ақпарат ілуде біреу.
Соңғы уақыттары түркі тілдес халықтар ынтымағын нығайтып, елдер арасындағы бірлікті ту ету қызу талқыға түсуде. Көшпенді жұрттың рухы мен тау халықтарының өр мінезі бір арнаға тоғысса, алапат күшке ұласып, бауырлас халықтың жігерін жани түсер әмәнда.
Әділхан ЕСІМХАНОВ