Түлектер, тестілеуге дайындал!

389
көрілім

2019 жылғы ҰБТ жайлы бес маңызды ақпарат

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас түлектердің қайсысы болсын өзінің жүрек қалауындағы мамандықты таңдап, жоғары оқу орнына түсуді мақсат ететіндігі айқын. Осы орайда, олардың алдында «Ұлттық бірыңғай тестілеу» деген белес тұр. Жуықта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов 2019 жылы өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеудің назар аударарлық бес пунктін атады. Бұл туралы вице-министр Фейсбуктегі парақшасында жазды.

І

Асхат Аймағамбетовтың жазуынша, ең біріншісі және маңыздысы – ҰБТ форматы бұрынғыша қалады. Тапсырылатын пәндердің саны бұрынғыдай – бесеу, тестік тапсырмалардың саны – 120, максималды балл – 140. Абитуриенттің дәстүрлі түрде 3 негізгі пәннен білімі тексеріледі. Олар: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы. Қалған екі пән таңдаған мамандық бойынша болады.

ІІ

2019 жылдың қаңтарынан бастап, ҰБТ жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі. Еске сала кетсек, бұған дейін түлектер ұлттық тестіні үш рет: маусым, тамыз және қаңтар айларында тапсырып келген болатын. Айта кетейік, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын береді. Ол ҰБТ-ларға қатысудың өзі де ақылы. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификат беріледі. Ол сертификаттар грант алуға жарамсыз. Егер үміткер мемлекеттік грантты алуға ниет білдірсе, онда ол ҰБТ-ны маусым айында тапсыруы тиіс. Тек сол тестілеудің қорытындысы бойынша ол гранттық байқауға қатыса алады.

Ақылы бөлімге түсу үшін үміткерлерге 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның біреуіне ғана қатысып, шекті балға қол жеткізсе жетіп жатыр. Мысалы қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысып, 120 балл жинаған абитуриент 1 ақпанда қалаған университетінің қабылдау бөліміне жүгініп, ақылы бөліміне шартты түрде тіркеле алады. Ал егер ол грант алуға ниет білдіріп, маусым айындағы ҰБТ-ға қатысып, 50 балл жинаса, ол қаңтар айындағы 120 балл алған көрсеткішімен грантқа үміткер бола алмайды. Грантқа түсу үшін маусым айындағы ҰБТ қорытындысы маңызды болғандықтан, ол тек ақылы негізде оқуға қол жеткізеді.

ІІІ

Қаңтар айында ҰБТ-ға 3 санаттағы ниет білдірушілер қатыса алады:

1. 11 және 12 сынып оқушылары;

2. Қыркүйек айында университетке шартты түрде қабылданғандар;

3. Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқан студенттер.

Наурыз айында тек 11-12 сынып оқушылары ҰБТ-ға қатыса алады. Маусым айында грантқа үміткер барлық санаттағылар ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігіне ие. Тамызда да ақылы бөлімге түсушілер және осыған дейін талап етілетін қажетті балды жинай алмағандар бағын сынай алады.

ІV

Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер бұдан былай екі профильді пән бойынша тестілеуден өтуі тиіс. Өйткені олар шығармашылық мамандықтарға түскен кезде осы жолғы тестілеудегі профильді пәндер бойынша тест тапсырмаған болатын.

Барлық бітірушілерге сертификатпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда құжат өткізуге болатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінген гранттар саны, өткен жылдары өткізілген орындар бойынша конкурс қорытындысы көрсетіледі. Бұл құжатқа ерекше назар аудару қажет.

V

Оқу бағыттарының жаңа классификаторлары. Жаңа классификатордың енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлінеді. Мысалы, информатика, ақпараттық жүйелер, блокчейн, big-дата және сол секілді білім беру бағдарламаларын қамтитын «Ақпараттық технологиялар» сияқты топ бар. Мәселен осы топқа 1 000 грант бөлінді делік. Осы гранттардың конкурсы аталмыш топты таңдаған үміткерлердің арасында өткізіледі. Өтініш берушіге осы топ бойынша грант берілген кезде ол университетке түсіп, аталмыш топтың ішіндегі арнайы білім бағдарламасын таңдайды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ