Аудандардың жөні бөлек, Өскемендегі «Қазпошта» филиалдарында күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселе – ұзын-сонар кезек пен қызмет көрсету терезелеріндегі жұмыс қарқынының баяулығы. Газет редакциясына бірнеше мәрте қоңырау соққан шаһар тұрғындары осыны айтып, филиал басшылығының дереу іске араласуларын өтінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Маман тапшы ма деп топшыладық»
Бірнеше міндетті қатар алып жүретін мекеме өкілдері ұсынған ресми жауапта «Қазпошта» филиалының нақты жұмыс кестесі мен штаттық тәртібі де жазылды. Жұмыс уақыты әдеттегідей, таңертеңгі сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, түскі үзіліссіз жалғасады. Сенбі мен жексенбі – демалыс күндері. Дегенмен үздіксіз жалғасатын бес жұмыс күнінің өзі жоспарлап барған жұмыстың аяқсыз қалуына әкелетін көрінеді.
– Кейде клиенттердің кезегі көрсетілетін табло істен шығады, кейде төрт терезеге бір-ақ маман қызмет көрсетеді. Айналып келгенде, маман тапшы ма деп топшыладық. Бір-бір жарым сағатқа жуық күткен сәттеріміз де аз емес. Тым құрығанда келушілерге үш маман қызмет көрсетсе ғой, – десті бір-бірлерімен шүйіркелескен зейнеткерлер.
Бұл ретте филиал директоры Гүлжан Рахимова штаттық кестеге сәйкес аталған мекемеде үш қызметкер (екі оператор қаржылы қызметте, біреуі сәлемдемелер супермаркетінде) жұмыс істейтіні мәлімдеді.
Жылжымалы кесте жасалған
Осыны айтқан соң «ҚР еңбек туралы» Заңын сақтау мақсатында операторлар үшін сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін және 13:00-ден 14:00-ге дейін түскі үзілістердің жылжымалы кестесі жасалғанын жеткізді. Анығы сол, келушілердің күнделікті нөпірге ұласуы мамандар тапшылығымен байланысты және жалақының аздығынан өндірістік кадрлардың ауысуы байқалады.
Гүлжан Рахимованың айтуынша, ұзын-ырғасы 335 мыңға жуық тұрғыны бар Өскеменде пошта қызметі пропорциясы сақталған. Яғни осыған орай 11 пошта бөлімшесі жұмыс істеу тиіс болса, облыс орталығында олардың саны 12. Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсету орталықтарында екі пошта байланыс пункті жұмыс істейді. Ал кезек күту машақаты Қасым Қайсенов, 57 көшесіндегі филиалда айтарлықтай байқалған-тұғын. Желтоқсан айының 3-і күні жіберген сұраухат жауабында бекітілген штаттық кестеге сәйкес үш терезе жұмыс істеп тұрғандығы жазылды. Газет тілшісі рас-өтірігіне бойлау үшін арнайы барғанда шынымен де үш маманнның қызмет көрсетіп жатқандығына көз жеткізді. Лайым, ұдайы осылай жалғассын демекпіз.
Жалақы жабырқатты
Енді жалақы жағына тоқталайық. Қазіргі уақытта көптеген ауылдарда пошташылар жұмысының сылбыр әрі газет-журналдардың тиісті мекенжайларға уақтылы, кейді тіпті мүлде жеткізілмейтіндігі бар. Осының барлығы түптеп келгенде жалақының мардымсыздығымен байланысты еді. Басшылықтағылар не дейді?
– Қызметкерлер жалақысы филиалдың бекітілген штаттық кестесіне сәйкес есептеледі. Одан басқа қосымша ынталандыру төлемдері қарастырылған: кіріс жоспарының орындалуына байланысты ай сайынғы сыйақылар мен 45 қызмет түрін көрсеткені үшін қосымша ынталдандыру сыйақылары төленеді. Бүгінде орташа жалақы сыйақы мен ынталандыруды есепке алмағанда, 98 мың теңгені құрайды, – делінген мәліметте.
Облыс орталығында жалақы мөлшері 100 мың теңгеге жетпесе қызмет сапасының төмендігінің негізгі өздігінен айқындала түскендей. Десе де зейнетақы көшірмелері мен хабарлама-шоттарды жеткізу, мерзімді басылымдарға жазылымды қабылдау және тағы басқа қызмет түрлерін көрсетіп, ыңғайына қарай 100 мың теңге межесіне жете алатын сәттер де болатындығы белгілі болды.
Компьютерлерде кемшілік жоқ
Ал жұмыс қарқынының төмендігі немен байланысты? Жауапты тұлғалардың сөзінше, «Қазпошта» АҚ кейбір қызмет түрлері бойынша бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысының баяулығынан және өндірістік персоналдың жетіспеушілігінен (операторлардың сырқаттанып қалулары немесе еңбек демалысына шығу себептері) туындайды. Тағы бір айтып кеткендері, Өскемендегі «Қазпошта» бөлімшелерінде таблоның қатып қалуы техникалардың ескіруімен әсте байланысты емес. Қайта жұмыс істеуге арналған қуатты компьютерлермен толықтай жабдықталған көрінеді.