2 сәуір күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Үржар ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Депутат Үржар, Мақаншы, Бақты ауылдық округтерінде болып, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын түсіндіріп, Мәжілістің заң шығару қызметі жөнінде жан-жақты баяндады.
- Мәжіліс депутаттары тұрғын үймен, жатақханамен, ипотекалық несие қолжетімділігімен қамтамасыз ету мәселелерін ұдайы көтеріп келеді. Сондықтан да біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасын зор ризашылықпен қабылдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға әрдайым дайынбыз. Жаңадан жатақханалардың салынуы және қолжетімді ипотека мыңдаған қазақстандықтың тұрғын-үй мәселесін түбегейлі шешуге ықпал етеді деп есептеймін, - деп атап өтті Нұртай Салихұлы.
Бұл үрдіс елдегі құрылыс саласының қарыштап, құрылыс материалдарын шығару өндірісінің дамуына айтулы үлес қосып, зор мүмкіндік береді.
Ерлен ОСМАНОВ