Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, туристік салада айтарлықтай ерекшеленген ауданның бірі - Қатонқарағай.
"Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" аясында ауданда емдеу-сауықтыру, экологиялық, ауылдық, мәдени-танымдық сала ілгерлеуде.
Ел егемендігінің 30 жылы ішінде мұнда оңалту орталығы, 12 пантымен емдеу орны, 4 демалыс базасы, 18 шағын қонақ үй, 5 қонақ үй және 2 балалар сауықтыру лагері ("Арайлы Шығыс", "Сұңқар") ашылып, қызмет көрсетуде. Демалыс орындарының бір күндік сыйымдылығы 1146 төсекті құрайды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 200 төсектік "Топқайың", "Катонқарағай резорт", "Приморск" 3 жаңа демалыс базасы ашылды. Өрел ауылында демалыс базасының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Туризмді дамытуға 2001 жылдың 17 шілдесінде құрылған республикадағы ең ірі 400-ден астам адамды жұмыспен қамтыған Катонқарағай ұлттық табиғи паркі үлкен үлесін қосты.
Флора мен фаунаның алуан түрлілігі шоғырланған саябақ табиғи және мәдени ескерткіштерге бай. Бүгінде 14 туристік маршрут жұмыс істейді.
Аудан әкімдігінде атап өткендей, облыс әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен Берел ауылында туризмді дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдың ауыз су мәселесі шешіліп, көшелері жөнделген.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен бұрынғы аудан орталығы Катонқарағай ауылын дамыту мақсатында "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 10 шағын қонақ үй ашуға бизнес жоспарлар әзірленді.
Аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында жол бойындағы қызмет нысандарын және ауданның инфрақұрылымын дамыту мақсатында ұлттық стандарт талаптарына сәйкес жаңа "Әлем-Ойл" автожанармай құю станциясы ашылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы жылы ауданға 25 мыңнан астам турист келгенін атап өтуге болады.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда жаңа тұрғын үйлер салынуда. 30 жыл ішінде 90 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 1000-нан астам отбасы қоныс тойын тойлаған.
Ағымдағы жылдың өзінде аудан бойынша 1,0 млрд.теңгеден астам қаражатқа 7,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге көп.
Облыс әкімі Д.Ахметовтың бастамасы бойынша тұрғын үйге мұқтаждар мәселесін шешу мақсатында өткен жылдан бастап "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде өткен жылы бірыңғай сәулеттік келбеті бар 3 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылы 17 екі пәтерлі (Үлкен Нарын ауылында 10 екі пәтерлі және Катонқарағай ауылында 7 екі пәтерлі), Катонқарағай ауылында 3 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
“Ағымдағы жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Үлкен Нарын ауылында 30 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі”- деп атап өтті аудан әкімдігі.