Өскеменде өткен жиында жауапты тұлғалар Президент Жолдауын талқылап, өңір экономикасына әсер тұсын таразылады. «Amanat» партиясы ШҚО филиалының кезектен тыс XXXII-ші конференциясында шешімі табылмай жатқан бірқатар мәселе сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтті. «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова сөз басында жергілікті бюджетке қосымша салық аударымдарынан түсетін қаржының маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында алдыңғы саяси өзгерістерден кейін қазір құрылымдық экономиканы көтеру бір бағытқа қойылғанын жеткізді. Облыс активтері Президент бастамасын толықтай қолдайды. Ал өңірді дамытуға бағытталған «Жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 35 инвестициялық жоба іске асырылды. Солардың бірі ретінде туризмді дамыту бойынша түрлі қадамдар жасалып жатқаныны айта кетуге болады. Тұмса табиғаты әр адамның таңданысын туғызып келеді. Сол үшін де бірнеше ауданда тиісті жобалар қолға алынуда. Оның ішінде: Алтай, Катонқарағай, Самар аудандары мен Риддер қаласы мысал етіледі. Қазір бұл жақтағы инфрақұрылым толық дами қойған жоқ. Сол үшін де ол жаққа апаратын жолдарды жөндеу маңызды жұмыстардың бірі. Туризмді дамыту арқылы облыс әлеуетін арттыруға болады, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Одан бөлек, Президент Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы елдімекендерді дамытуға 1,5 млрд теңге бөлінгенін алға тартты.
– Осының барлығы қазір аудандарда рет-ретімен қолға алынуда. Жастар үшін де мүмкіндіктер жоқ емес. Айталық, осы жоба шеңберінде өңірдегі іскер қыз-жігіттерге 2,5% жеңілдік мөлшерлемемен несие беру үшін 1 млрд 90 млн теңге бөлінді. Кәсіпке қатысты бірнеше жоба тұр. Соларды біріктіріп жүзеге асыру арқылы жоспарды уақтылы әрі сапалы етіп орындауға мүмкіндік бар, – деді Сайрангүл Жұмаділова.
Жауапты тұлға «Жер аманаты» жобасының тиімділігін атап өтті. Айталық, соның аясында облыс көлемінде пайдаланылмай жатқан 100 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Ендігі мақсат – ауыл-аймақта шабындық пен жайылымнан қағылып отырған тұрғындар өтініше құлақ асып, мәселелерін шешіп беру деді. Бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы апатты жағдайда тұрған бөгеттер жөнделетінін алға тартты.
"Клиника микрохирургии глаз" ЖШС директоры Зарина Қамасова әлеуметтік тақырыптардың назардан тыс қалмауын баса айтты. Оның сөзінше, экономикалық дамуды қолға алу кезінде тұрғындар амандығы бірінші кезекте тұруы тиіс. Балаларға қатысты қылмыстың көбейгенін, соны болдырмас үшін белгіленетін жазаны күшейтіп, зорлық-зомбылық туралы хабарлау үшін сенім телефоны іске қосылуы керектігін маңызды санады.