Түркістандық қатысушы «тосын сый» жасады

1162
көрілім

Көкпектіде өтіп жатқан халықаралық-шығармашылық «Толағай сұлтаны» сайысының екінші кезеңі қонақтарды қызықтарға батыруда. Әсіресе Түркістан облысынан келген Әкбар Елубайұлының өнері ерекше болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Кешелі бері сайдың тасындай іріктелген 23 жігіт бар мүмкіндіктерін паш етіп, жоғары ұпай жинаудың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруда. Алғашқы күннің нәтижесі бойынша қарағандылық Тілеухан Нұрхан 93 ұпаймен көш бастады. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер есімі бүгін белгілі болады.

Сайыстың екінші кезеңінде, яғни өз өнерлерін ортаға салған бәсекеде қатысушылар аянып қалмауда. Терме орындап, қамшы өріп, жалаң денесімен шегенің үстіне жатудан бөлек, сахна төрінде торпақ көтеруге дейін барды. Кім дейсіздер ғой? Түркістан өңірінен келген Әкбар Елубайұлы.

Кеше қазақ күресінен алдына келгенді қоғадай жапырған еді. Сол кезде ертеңге болатын өнер сайысында «жұртшылыққа тосын сый жасаймын» деген еді. Бүгін сол сөзінде тұрды. Өзінің жетістіктерін, оның ішінде қошқар көтеріп екі мәрте Гиннестің рекордттар кітабына енгені бар. Ал қазыларды таңғалдыру мақсатында торпақ көтеруді жөн көрді. Сахнаға шығарып, қалың жұрт көзінше иығына салып 20 рет көтерді. 

Жалпысында, Әкбар өмірінің көп бөлігін спортқа арнап келеді екен. Еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ