Түркітілдес журналистер қорының Президенті Нәзия Жоямергенқызы бастаған делагация Түркияның екі бас қаласы Анкара мен Стамбулға барып, маңызды кездесулер өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған Түркітілдес журналистер қоры делегациясының 6 күнге созылған сапары Анкара қаласынан басталды. Әуелі Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) бас хатшысының орынбасары Саит Юсуфпен кездесу өтіп, Қазақстан мен түркі елдерінің мәдени, тарихи құндылықтарын насихаттау, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жобалар жайы сөз етілді.
Содан соң Башкент ауруханасына, университетіне, кітапханасы мен гастрономиялық акадамиясына экскурсия жасалды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған ауруханаға әлемнің түкпір-түкпірінен дертіне дауа, еміне шипа іздеген жандар келсе, университеттегі 12 факультетте 18 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Журналистика факультетінде оқып жатқандар телестудияларда түрлі бағдарламалар түсіріп, өзіндік радиоларында да тәжірибе жинақтай алады. 4 қабаттан тұратын 12500 шаршы метр аумақты алып жатқан кітапхана Түркиядағы ең ірі руханият ошақтарының бірі. 24 сағат бойы жұмыс істейді. 345 мың кітап, 319 мың онлайн кітап бар. Ал студенттер үшін білім алып, біліктілік арттыруға толыққанды жағдай жасалған гастрономиялық академияда шоколадтың 18 түрі жасалады екен. Қор делегациясы «Canal B» телеарнасының редакциясына да бас сұқты. Бұл арна 2004 жылы құрылған. Қазіргі уақытта 15 журналист жұмыс істейді. Күн сайын 6 сағат тікелей эфирге шығады. Күнделікті жаңалықтар мен саясатқа басымдық берілген. Балаларға, әйелдерге арналған бағдарламалар бар.
Ең маңызды кездесулердің бірі – Түркия мәдениет және туризм вице-министрі Надир Алпарсланмен болды. Кездесу барысында Қазақстан-Түркия арасындағы достық-бауырластық қарым қатынасты нығайта отырып, мәдениет пен туризм саласын насихаттауға көңіл бөлу, Қазақстаннан Түркияға келетін туристер санын арттыру және түріктер еліндегі туристік мекендер туралы барынша мол мағлұмат беру, Түркітілдес журналистер қорымен бірге туризмге қатысты ортақ жобалар жасау туралы әңгіме өрбітілді.
3 күнде Анкарада болған кездесулерден соң Түркітілдес журналистер қорының делагациясы Стамбулға табан тіреді. Бұл жақта көне шаһардың көрікті жерлерін аралап, ерекше демалып, бір серпіліп қайтты. Қор алдағы уақытта да қазақ журналистеріне, баспасөз хатшыларына, пиар менеджерлерге, университеттердегі журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне арналған Орталық Азия, Түркия, Еуропа және АҚШ елдеріне жобалар ұйымдастырады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ