ҚР ІІМ ресми сайтында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери тұтқында болғандардың базасы пайда болды.
"ҰОС әскери тұтқындары" атты әлеуметтік маңызы бар қызмет көрсету сервисінде 1941-1945 жылдар аралығында Германиядағы концентрациялық лагерьлерде болған бұрынғы әскери тұтқындар жайлы деректер берілген. Базаға көбісі фашистік тұтқында қаза болған 60 мыңнан астам әскери тұтқындар туралы деректер енгізілген. Кеңестік солдаттар туралы материалдар іріктеу істері мен трофейлік карталардан алынған. Бұл деректер жүздеген мың адамның тұтқында болған әкелерінің, аталарының, ағалары мен туыстарының тағдырларын білуі үшін, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ақтаңдақтарын толтыру мақсатында тарихшыларға, өлкетанушылар мен тілшілерге таптырмайтын ақпарат екені де рас.
- Халық Отан үшін жан қиған бабалар ерлігінің арқасында осындай бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауы керек. Ішкі істер министрлігінің электронды порталында құрылған "ҰОС әскери тұтқындары" сервисі тек ел азаматтарына ғана емес, сондай-ақ алыс-жақындағы шетелдіктерге де қажет болады деген сенімдемін, - деп үміт білдірді еліміздің Ішкі істер министрлігінің өкілдері.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ