Үбі өзені арқылы өтетін көпірдегі шектеу белгісін кім қадағалайды?

137
көрілім

Облыс әкімдігінде өтіп жатқан жиын кезінде өңір басшысы Ермек Көшербаев ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің ақпараты бойынша бірқатар сауал қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нұржан Жұмаділовтің сөзінше, стратегиялық маңызы бар нысан 1962 жылы салынған. Соңғы рет 2009 жылы жөнделіпті. Ұзындығы - 227,78 метр, биіктігі - 7,65 метр. Шенеуніктер қазір соны қайта жаңғырту жобасын ойластырып жатыр.
- Көпір апаттық жағдайда. Ол жерде жүк көліктеріне шектеу қойылған. Өтетін көліктердің салмағы 23 тоннадан асып кетпеуі керек. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 194 млн теңге бөлінді, - деді Нұржан Жұмаділов.
Дегенмен Ермек Көшербаев 23 тоннадан асып кетпеу керек деген шектеудің шынымен жұмыс істейтіндігіне сеніңкіреген жоқ. 
- Оны кім тексеріп тұрады? Осы көпір арқылы ауыр жүк Ресейге жөнелтіледі, ол жақтан бері келеді. Олар күнделікті қатынайды. Шектеуді барлығы дерлік сақтайды дегенге күмәнім бар, - деді өңір басшысы. 
Баяндаманың кей тұстарын ескеріп, Ермек Көшербаев басқарма басшысына нақты тапсырмы берді. Нұржан Жұмаділовтің сөзінше, шектеу жағын көлік бақылау инспекциясы өкілдері қадағалайды. Осы ретте облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, көлік бақылау инспекциясы және Шемонаиха ауданы әкімі Григорий Акулов үшеуі тізе қосып, мониторингіні күшейтулері қажет. Заң бұзылса, дереу ақпарат ұсынулары тиіс.
Әділхан ЕСІМХАНОВ