Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев ҰБТ алғашқы күнін қорытындылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша Қазақстанда ҰБТ енгізілгелі бері оған 1 млн 775 мыңға жуық адам қатысқан.
"Бірінші күн нәтижесін айтар болсам, тестілеу 6 өңірде орналасқан 39 пунктінде өткізілді. 13068 адам тест тапсыруға өтініш беріп, оның ішінде 12772 бала тестілеуге қатысты, бұл 97%. Өңірлерге жіберілген 500 мемлекеттік өкіл бақылауды қамтамасыз етті. Барлық 309 аудитория арнайы құралдармен жабдықталған. Аудиториялардан бейнетрансляция көрсетілді. Арнайы мониторлар орнатылып, тікелей трансляция жүргізілді", - деп айтты Тойбаев.
Департамент директоры 20 маусымда ұлттық тестілеу орталығының call-орталығына ҰБТ өткізу мерзімі, тамызда өтетін тестілеу және ҰБТ нәтижелері туралы қоңыраулар келіп түскенін айтты.
"Бірінші лек бойынша қатысушылардың 76,5% шектік деңгейден өтті. Ең жоғары 137 балл болды. Биылдан бастап әкімдіктердің ҰБТ нәтижесі бойынша рейтинг жасамауды сұрадық. Сол себепті орташа балл мен ең төменгі балл есептеген жоқпыз. Бүгін сағат 13:00 бастап апелляциялық комиссия жұмысын бастады. Жалпы ҰБТ бірінші күні штаттық режимде жақсы өтті", - деді ол.
ҰБТ алғашқы легінде республика бойынша 12772 мектеп түлегі тестілеуге қатысса, оның 11361 - қазақ тілінде, 1411 - орыс тілінде тапсырды. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстары бойынша бес пәннен орташа балл 74,2 құрады. Өту ұпайынан асқандар саны - 9338, ал шекті балл жинай алмағандар саны 3434 адамды құрады.
Оның айтуынша,ҰБТ нәтижелері @edu.gov.kz bot телеграм ботында, edu.mail.kz сайтында, Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтына жарияланды. Бұл үшін әр тапсырушы өзінің жеке тестілеу кодының нөмірін енгізу керек.