Жұмыс уақыты басталмас бұрын полицейлер қызметтік киімдерін киіп, қажетті құралдарын ала бастайды. Оның ішінде қызметтік куәліктен бастап, бұрышты баллон және рация бар. Тапанша мен кісенді де полиция қызметкері үнемі өзімен бірге алып жүруі тиіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бес қаруы сайланған тәртіп сақшылары таңертең кабинетте жиналысқа қатысады. Соның барысында әр сақшыға өз аумақтары бойынша мекенжайлар беріліп, түрлі тапсырмалар жүктеледі. Учаскелік полицейлер өздеріне берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға міндетті. Жиыннан соң әрқайсысы қызметтік көліктерімен өздеріне белгіленген аумаққа қарай беттейді. Тәулік бойы тоқтаусыз еңбектенетін олардың жанында 6 сағат жүріп, ауыр қызметін өз көзімізбен көрдік. Біз танысқан сақшылар - Алмас Серікұлы мен Асқар Тоқтарбекұлы. Олармен бірге Ертіс полиция бөліміне қарайтын аймақты қадағаладық. Жолай екеуінің бұл салаға қалай келгендері туралы сұрап көрдім.
- Осы қызметті 2019 жылдан бері атқарып келемін. Еңбек өтілімді полиция жүргізушісінен бастадым. Бұл сала бірден қызықтырып, мені өзіне баурап алды. Басқа да салаларға ауысуға ұсыныстар түскен. Алайда бүгінгі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Түрлі отбасылардан, жалғызбасты қала тұрғындарынан, жалпы өз аумағымдағы кез келген азаматтан қандай да бір шақырту түсе сала бірінші болып көмекке барып, қол ұшымды тигізу - басты міндетім, - дейді учаскелік полиция инспекторынын кемекшісі Алмас Серікұлы.
Тәжірибелі сақшы жұмысқа келмес бұрын Қостанай қаласында 3 ай арнайы оқу оқып келген. Бала күнінен полицей болуды армандапты. Бүгінге дейін талай адамның алғысын арқалап келе жатқан учаскелік полицей әлі де көпке пайдасын тигізе бермек.
Кенет қала тұрғындарынан жедел арнаға қоңырау түсіп, қызметте жүрген учаскелік полицейлерге хабар берілді. Сол маңдағы тұрғын үй аулаларының бірінен хабарласыпты. Көрсетілген мекенжайға барғанымызда қызық жайтқа куә болдық. Интернет алаяқтарының құрбаны бола жаздаған егде жастағы әже қармаққа ілінуге шақ қалған. Қуанышқа орай оқиға орнына дер кезінде жеткен сақшылар қауіптің алдын алды. Әз жүзін әжім басқан кейуана біз келе салысымен барлық мән жайды баяндап берді. Интернет аляқтары апаның жеке нөмеріне хабарласып өзі туралы жеке басын куәләндыратын ақпараттарды сұраған. Бұның астарында бір шикіліктің барын ұққан қарт ана қауіпті сезе салысымен телефон қоңырауын бірден тастай салған. Шалынған қоңыраудың «ізін суытпай» бөлімшеге хабарласып, жағдайды түсіндірді. Болған жайтты бізге түгелдей айтып берген соң сақшылар түсіндірме қағазын табыстап, келесіде сақ болуын және бұндай жағдай қайталанса ойланбастан полиция бөлімшесіне телефон соғуын ескертті.
- Осындай қоңыраулар жиі болады. Әсіресе бүгінгідей жасы егде тартқан тұрғындардан көп шағым түседі. Бұндай қоңыраулардың құрбаны болып жататындар да көп. Алаяқтар тұрғындардың жеке басын куәләндыратын барлық ақпаратты біліп алып, олардың атына несие рәсімдеп, ақша алып алатын жағдайлар да көптеп тіркелген. Бөлімшеге түсетін қоңыраулардың дені лаяқтардан алданып, ұрылардан зәбір көргендерден түседі, – деді Алмас Серікұлы.
Әр күні әртүрлі қоңыраулар түседі екен. Учаскелік полицейлер үнемі сақадай сай.
- Әсіресе демалыс күндері жиі шақырту түседі. Көбінесе отбасылық кикілжің, дәмханалар мен түнгі клубтарда төбелес болады, - деді полицей.
Әне-міне дегенше бізге жүктелген уақыт та таяп қалыпты. Еліміздің әр түкпірінде күн-түн демей халықтың тыныштығын күзетіп жүрген сақшылар талай адамның жанын ажалдан арашалап қалғаны ақиқат. Басымызға іс түссе бірінші іздейтініміз де осы полицейлер. Сол үшін олардың жұмысына түсіністікпен қарап, құрметтей білейік.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ