2029 жылға қарай жасанды интеллектті қолданып жасалған өнімдер 5 есе өсуі керек. Білім беру бағдарламаларының немесе жасанды интеллект пәндердің үлесі артуы керек. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Жасанды интеллект құралдары күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол адам өміріндегі әртүрлі салаға тереңдеп ене түсуде. ЖИ жүйелерін қолдану 2030 жылға қарай жаһандық жалпы ішкі өнімді 14%-ға арттырып, 70%-ға дейін қосымша экономикалық тиімділік беруі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, биыл компаниялардың жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге жұмсайтын шығыны өткен жылмен салыстырғанда екі есе ұлғаяды», - деді О.Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ЖИ құралдарын қолдану көптеген күнделікті міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бизнес пен өндірісте үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және талдауға немесе клиенттерге қызмет көрсетуге байланысты міндеттерді орындауға болады. Сондай-ақ ЖИ денсаулық сақтау саласындағы тәуекелдерді және төтенше жағдай болжамдарын есептеп, әртүрлі қауіптер мен кибершабуылдарды анықтай алады.
«Сондықтан Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласын дамыту және оны қолданатын жобаларды кеңінен тарату жөніндегі стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Жасанды интеллектіні енгізуге арналған экономиканың басым секторлары айқындалды. Онда мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері бар. Тиісті инфрақұрылымды құру, деректерді өңдеудің ең соңғы үлгідегі орталықтарын салу, суперкомпьютерді іске қосу және Ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуі шараларын жандандыру қажет», - деді Премьер-Министр.
Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын таныстырған еді.
«Бізге осы саладағы білікті мамандар қажет. Бұл ретте отандық компаниялардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін барынша ескеру маңызды, бұл тұтастай экономикаға мультипликативтік әсер береді. Жалпы, тұжырымдама жобасын қолдаймыз. Тиісті қаулыға дауыс беруді ұсынамын», - деді Олжас Бектенов.