Ұлан ауданы Айыртау ауылының тұрғындары малды жайылымға жіберу мұң болғанын айтып шағымдануда

1602
көрілім

Бұқара.кз сайтының редакциясына хабарласқан оқырмандарымыз Айыртау ауылының іргесінен егістік жер алған компанияның жұмысына наразылығын білдірді. «Осының салдарынан малды жайылымға жіберу қиынға соғуда. Әкімдікке қанша айтқанымызбен еш нәтиже шықпады» дейді олар. Анық-қанығын білу үшін Ұлан ауданына жол тартып, тұрғындармен жолықтық. Сөйтсек айыртаулықтардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан жалғыз бұл мәселе ғана емес екен. Ауызсуды алыстан тасуға мәжбүр екендігін алға тартқан жұрт жол жағдайының да сын көтермейтіндігін жеткізді. Сондай-ақ балаларға арналған спорттық алаңдардың жоқтығын, ауылға кіреберістегі бұзылған көпқабатты үйлердің ойын баласына қауіп төндіретіндігін де айтты.

«Жайылымға мал жіберу жырға айналды»

Темір тұлпарға мініп Айыртауға жеткенімізде алдымыздан бір топ адам шықты. Келетінімізді оларға алдын ала телефон арқылы хабарлап қойған едік.

– Дәл ауылдың іргесінен бір компания 600 гектар жер алған, – дейді ауыл тұрғындарын бастап келген Сағатбек Әлімжанов (аты-жөндері толықтай өзгертілген), – Осымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта тағы да 5000 гектар алмақшы көрінеді. Алса алсын. Бірақ ауылдың маңынан емес, арғы жақтан. Құдайға шүкір, қазақтың жері кең ғой!

Сағатбек қазірдің өзінде малды жайылымға жіберу қиындағанын айтып қалып еді жиылған азаматтардың барлығы бірауыздан қолдады. Кенет сөз кезегін Бауыржан Зағыпаров іліп әкетті:

– Ауылдағылардың баршасы дерлік мал ұстайды, – дейді ол, – Жасыратыны жоқ, сол малдың арқасында күн көріп отырғандар аз емес. Көпшілігі малды еркін қоя береді. Енді егістік жерге мал түсіп кетсе бізге 20 АЕК (50 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады екен. Ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен сома. Тіпті осыдан бірнеше апта бұрын әлгі компания иеленген жерге көң төгіп тастады. Жағымсыз иіс бүкіл елді мекенді тұншықтырды. Сонда осыған шыдап жүруіміз керек пе? Мал шаруашылығын дамытамыз дейміз, ол үшін халыққа ыңғайлы жағдай жасаған дұрыс болмай ма?

Тұрғындардың шақшадай басын шарадай қылған тек бұл жайт қана емес екен. Тыңдап көрсек, ауылда проблема деген шаш етектен.

– Бізде балаларға арналған спорт алаңы жоқ. Жастар бос уақытында немен айналысарын да білмейді. Оның үстіне ауызсуды алыстан тасуға мәжбүрміз. Ауылдағы құбырдың суын малдың өзі әрең ішеді. Жол жағдайын айтсақ, жарты сағат тоқтамай сөйлеуге болады. Қысқа қайырсақ – жолымыз шұрық тесік. Бұдан бөлек, кіре берістегі бұзылған көпқабатты үйлер бүлдіршіндерге қауіп төндіреді, – дейді олар.

Суармалы жер көлемі ұлғайтылады

Осылайша ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелермен танысып қайттық. Енді бұған биліктің жауабы қандай? Бұны білу үшін Ұлан ауданының әкімдігіне ресми сұраухат жолдадық.

– Айыртау ауылының маңындағы 130 гектар жер телімі «Защита Уба» ЖШС-ға 49 жылға жалға берілген. Кадастрлық картаға сәйкес бұл – суармалы егістік алқабына жатқызылады. Аталмыш кәсіпорын осы телімді Өскемен құс фабрикасына жем-шөп өсіру үшін алды. Өз кезегінде бұл фабриканы қала қалыптастырғыш кәсіпорын деуге әбден негіз бар. Сол жерде 850 ұландық, оның ішінде 150 айыртаулық еңбек етіп, нәпақасын табуда. Жұмысшылар кәсіпорын тарапынан тегін ұйымдастырылған тасымалдау қызметімен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта «Защита Уба» ЖШС өз жұмысын бір жүйеге келтіргеннен кейін қосымша 10 адам жұмыспен қамтылмақ. Тағы бір айта кететіні, Өскемен құс фабрикасы көптеген ауқымды жобаларды да жүзеге асырған. Атап айтқанда, 2013 жылы аудан орталығында стадион, 2017 жылы балалар саябағын салып берді. Болашақта ауданның елді мекендерін абаттандыруға демеушілік көрсетуді жалғастыра бермек. Егер фабрика өз жем-шөбін өсіріп, өндіріс көлемін ұлғайтса – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Ұлан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының бұл мәселеге қатысты наразылығы бойынша 19 сәуір күні кездесу өткізіліп, барлық сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Жергілікті жұртшылық ұзақ жылдар қолданылмаған суармалы егістік алқабына емін-еркін малын жайып, ауылдың іргесін өз беттерінше жайылымға айналдырған. Бұл олар үшін қолайлы. Алайда суармалы егістік жерді мақсатына сай пайдалану – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Биылғы жылы осы мақсатта ауылға жақын орналасқан Алебастр су қоймасын пайдалану арқылы суармалы жер көлемін арттыру жоспарланған. Сондықтан малды қараусыз жібермеу, жайылымды ұйымдастыру туралы халыққа ұсыныс жасалды, – дейді Болатбек Омарбекұлы.

Бөлім басшысының сөзіне сенсек, суармалы жер көлемін ұлғайту нәтижесінде ауылдағы мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар еш зардап шекпейді. Ауылда жайылымға 5 табын ірі қара, 5 отар ұсақ мал, 3 үйір жылқы шығады екен. Тіркелген мал саны: ірі қара – 1468 бас, ұсақ мал – 1925 бас, жылқы – 422 бас.

– Малды жаю үшін 2078 гектар жайылым жер қарастырылған. Биыл жайылымды тағы да 2820 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы жерлерді тиімді пайдалану үшін тұрғындар қолдағы малын табынға қосып, ұйымдастырылған түрде мал бағуды жүзеге асыруы қажет. Сонда ғана бөлінген жерлер тиімді пайдаланылады, – дейді шенеунік.

Футбол алаңы салынбақ

Болат Мамарбаев айыртаулықтардың басқа да түйіні тарқамаған түйткілдеріне қатысты жауаптан қашқақтамады.

– 1914 тұрғыны бар ауылда абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі. Биылғы жылы ауыл аумағына «Жасыл өркен» бағдарламасы аясында 84 түп қарағай, 75 түп қайың, 75 түп қарағаш, 12 түп шырша отырғызылды. Сонымен қатар ауылдың белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен және ауыл мектебі ұжымының көмегімен Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза болғандарға арналған ескерткіш қалпына келтірілді. Алдағы уақытта да абаттандыру шаралары жалғасын таппақ, – дейді Болатбек Мамарбаев.

Айыртаудың жолын жөндеуге бюджеттен 336 мың теңге қаржы бөлінген екен. Оның 100 мың теңгесіне аялдама орнатылса, қалғанына «Трансстрой» мекемесімен келісім-шарт жасалып, 29 сәуірден бастап ішкі жолдарды қалпына келтіру (грейдерлеу) жұмыстары жүргізілуде.

– Елді мекенде қиратуды қажет ететін 24 екі қабатты үйлер бар. Бүгінде қолданыстағы заң талаптарына сәйкес үйлер сот шешімімен коммуналдық меншікке алынды. Белгіленген мерзімнен кейін барлық үйлер аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Аукциондар осыған дейін 6 рет ұйымдастырылған. Дегенмен бұзылған үйлерді сатып алуға ниет білдіргендер болған жоқ. Ендігі кезекте қирату-тегістеу (рекультивация) жүргізілмек. Бірақ бұл жұмыстардың реті белгілі заң талаптарымен бекітілгендіктен бірден қолға алу мүмкін емес, – дейді Болатбек Мамарбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, ауылда спортпен шұғылданатын ошақ – ауыл мектебі. Қазіргі таңда мектеп базасында күрес, бокс, үстел теннисі, футбол және волейбол секциялары жұмыс істейді. Бір құптарлығы, 2019 жылдың шілде айында Айыртауда құны 5 миллион теңге болатын жасанды төсеме материалды футбол алаңы бой көтермек.

– Ауылдағы ауызсу жүйесі 1972 жылы салынған, – дейді аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, – Бүгінде толық тозығы жеткен. Өткен жылы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 13,5 миллион теңге қаржы бөлініп, Айыртаудың 7 көшесіндегі (Абай, Целинная, Мусин, Пушкин, Танабаев, Тоқтаров, Попов) су құбырлары қайта жөндеуден өтті. Бұл көшелерде қазір ауызсу жүйесі бар. Қалған көшелердегі су құбырларын қалпына келтіруге қажетті жобалық-сметалық құжаттар жасалып, 2020 жылы жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Ауыл маңындағы қайнар бұлаққа келер болсақ, бұл бастау жергілікті жұрттың үлкен қызығушылығына ие. Бастаудың суын тек айыртаулықтар ғана емес, жақын маңда орналасқан елді мекендердің тұрғындары келіп алады. Тіпті үйінде орталықтандырылған ауызсуы бар азаматтар да осы жерден су тасиды. Бұл үрдіс бұрыннан бері жалғасып келе жатыр.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттерді түсірген автор