Студенттер үшін «қыл көпірден өту» рәсімі әлдеқашан басталып кеткен. Бұрынғыдай оқытушының алдында отырып, бірінші жартыжылдықта білген-түйгенін бағамдау емес, қашықтан отырып, тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындау басты мәселе. Иә олар үшін қазір емтиханды сәтті тапсыру үшін ғаламтор желісінің ойдағыдай болуы бірінші кезекте. Олай болмады ма, уақыттан ұтылады, оқытушы алдында өзге студенттердің кезегін күттіргендей келеңсіз жағдайлар болуы кәдік. Бәрінен де интернет желісінің әлсіздігі сынақтан сүрініп кетуге негізгі себеп. Өкінішке қарай, мұндай мәселелер облыс көлемінде жетіп артылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Толық тартып береміз деген
Бірқатар аудандардан қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз сессия жақындаған сайын жоғары оқу орындарында білім алып жатқан балаларының әкімдік маңын, көрші-қолаңның үйлерін жағалап, байланыс іздеп кетуге мәжбүр екендігін жеткізді. Сонда жағдайдың бұлай ушығып, адамдардың бір-бірлеріне кіріптар болуларына не себеп? Кейбір аудандарда интернет мәселесі бақылауға алынып, біртіндеп шешімін тауып келеді. Десе де түйіні тарқамаған жайттар одан да көп. Осындай бұйымтаймен хабарласқан оқырмандарымыздың бірі Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов ауылынан. Өскемен-Самар тасжолы бағытында жол бойында орын тепкен елде мекендегі ғаламтор мәселесі осыған дейін басылым беттерінде сан мәрте жазылып, облыстық телеарнадан да көрсетілді. Бірнеше ай бұрын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы осы және Бестерек ауылдарына интернет орнаттық дегендерімен әлі қамтылмаған бірнеше шаңырақ бар. Өкініштісі сол, «сессия тапсыруда сан соғып қалмасам етті» деп ұдайы ой үстіндегі жастарымыздың үйіне ғаламтор желісі әлі тартылмаған. Байланыстың 3G, H+ деген деңгейлері ZOOM платформасы арқылы емтихан тапсыруда төмен жылдамдыққа ие.
– Осыған дейін ауылға толық тартып береміз дегендерімен, бастаған жұмысын аяқсыз қалдырып, мекеме жұмысшылары басқа елді мекенге кетіп қалған сыңайлы. Ата-аналар үшін емес, сессиясы жақындап қалған балаларымыздың емін-еркін әзірлік жүргізіп, сынақтарын алаңсыз тапсырулары бас қатырар мәселеге айналды. Қазақтелеком мамандарына қоңырау шалған едік, «қалған үйге интернет тартуға әлі рұқсат берілмеді» деді. Ғаламтор машақатын қашанғы тартып жүре бермекпіз? – дейді көңілі алаң Нұркамал Ашенова.
Аппарат ауыстырылған соң...
Тұрғынның бұл сөзі осы тақылеттес мәселенің тезірек шешімін табуына тілекші болып жүрген талай ата-ананың атынан айтылған ой деп қабылдаған жөн. Аудан әкімдігінің мәліметінше, істің аяқсыз қалуына өзге елді мекендерде интернет желісін тарту жұмысының көптігі себепші. Жұмысшылар үлгермей жатқан көрінеді. Аудандық ішкі саясат бөліміндегілер қауырт жұмыс қаладағы білім ошақтарында оқитын баласы бар үйлерге бірінші кезекте орнату ұсынысы бойынша жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Қыстың соңғы айында бұлай жанталасқа түсу асығыс әрекет болса да, студенттердің сессиясын ойдағыдай тапсыруы төрт тарапқа маңызды. Алдымен пән оқытушысы, университеттің білім көрсеткіші, бауыр еті баласының сүрінбеуіне тақымын қысып жүрген ата-аналар, сондай-ақ жиған-терген білімін лайықты бағасын алуға сарп етуге оқталған студентті мысал етсе болады. Мәселе қашан шешімін табады?
– Ауылда 24 үйге интернет қосылған, қамтылмаған әлі бес түтін бар. Оқушы, студент балалары бар үйлерге ғаламтор Мамай батыр ауылындағы интернет аппаратын ауыстырғаннан кейін толыққанды тартылып бітеді. Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғыны Нұркамал Ашенова (Абай көшесі, 31) интернет желісін тартуға кезекті тізімге қосылады, – деді аудан әкімдігіндегілер қоңырау шалған оқырманымыздың өтінішіне жауап қатып.
Әділхан ЕСІМХАНОВ