Ұлан ауданында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра халық мұрасы» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Сан ғасырдың сипатын сыңғыр үнмен жеткізген ұлттық аспапты ұлықтау шарасы дәстүрлі түрде мерекеленді. Сахна мерекеге орай арнайы безендіріліп, Лэд экраннан Ұлттық домбыра күніне арналған видеоролик көрсетілді.
- Қазағымыздың қос ішекті киелі домбырасының құрылысы, оның түрлері, бөліктері және жасалу жолдары жайлы республикалық «Үкілі домбыра» байқауының жүлдегері, ұлттық домбыраның жанашыры, дәстүрлі әнші, термеші Амангелді Әдікұлы Смағұлов түсінік берді, - деп хабарлады аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. - Ұлтымыздың халық мұрасы киелі домбыра туралы жазылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кешті «Бескөл» фольклорлық ансамблі – «Ғасырлар үні» шығармасымен ашты.
Домбыра халқымыздың болмысына куә болған әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрлерімізге жан бітірген мәдени мұрамыз! Ұлтымыздың абыройын асқақтатар Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті. Кешке жиналған көрермендер алғыстарын айтып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.