Ұлан ауданында орналасқан Жаңа Қанай ауылы тұрмыс-тіршілігі бірқалыпты өтіп жатқан қарапайым қазақ ауылдарының бірі. Ешкімнен асқан артықшылығы да, көштен қалған кемшілігі де жоқ. Тұрғындары бар кезде де, тар кезде де адамдығы мен адалдығын жоғалтпаған. Төскейде малы, төсекте басы қосылған халық осы жерде. Алайда жұртты алаң қылған бір нәрсе бар...
Көпшілік білетіндей, осы ауылда ерекше емхана орналасқан. Жүйкесі сыр беріп, өмірдің ащы-тұщысын татқан көптеген жандар бұл орында ем-домын алып, жанына дауа, дертіне шипа табады. Естіген құлақ санаторий ма деп қалуы мүмкін. Бірақ олай емес. Жаңа Қанайда барлығы білетін облыстық психиатриялық емхана салынған. Бүгінде сол аурухананың жай-күйі көңіл толтырады деп айта алмаймыз. Редакциямызға хабарласқан көптеген ауыл тұрғындарының естіп-білгісі келгені де сол болды. Аурухананың алдағы жағдайы не болмақ? Жаңа ғимарат салына ма? Тұрғындардың негізгі жұмыс көзі болған мекемеге қашан жөндеу жұмыстары жасалады?
Естір құлақ болса...
Аталған сұрақтар әкімдіктегілерге де, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да сан рет қойылып, бірнеше рет хат жолданған. Емхананың ертеңін ойлаған дәрігерлер мен тұрғындар талайдың табалдырығын тоздырып, босағасынан қайтқан. Бірақ барлығының айтатыны бір: «алдағы уақытта жөнделеді», «қаражат бөлінуде», «жоспарда тұр» деген сияқты құрғақ уәде. Тіпті кей тұрғындардың айтуынша, бірнеше рет «жабылып қалады», «енді жұмыс істемейді» деп те естіген. Бұдан хабардар болғандардың көңілі күпті. Өйткені талай ауылдардағы сияқты бұл жерде жұмыс орындары аз. Әсіресе Ұлан ауданындағы ауылдардың көбі дерлігі осындай қиындыққа ұшыраған. Қолында дипломы болса мұғалім атанады, болмаса таяқ ұстап мал бағады. Одан басқа істейін десе қызмет жоқ. Бұл ауылда да солай. Негізгі жұмыс орындары мектеп пен психиатриялық аурухана. Осыдан-ақ топшылай беріңіздер, ауыл тұрғындарының дені мұғалімдер мен ақ халатты жандар.
Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаеваның сөзінше, Жаңа Қанай ауылында бүгінде 574 адам тұрады. Ауылдағы негізгі жұмыс орындары психиатриялық аурухана мен Қанай орта мектебі. Мұнда тұрғындардың басым көпшілігі еңбек етеді. Одан басқа 20-дан аса мұғалім мен 70- ке жуық бала оқитын жаңадан салынған орта мектеп бар. Ағымдағы жылы 2,5 миллион теңгеге балаларға арналған ойын алаңы орнатылып, жылдың аяғына дейін 1 млн.262 мың теңгеге алаңды қоршау және газон төсеу жоспарлануда. Соған қарағанда ауылдың болашағына балта шабылатын емес, ел болып, жұрт болып жұмыла көтеруге болатын сияқты. Тек тиісті мекемелердің қолдауы керек.
Көмір келсе, көңіл көтеріледі
– Ғұмырымның жартысынан көбі осы аурухана қабырғасында өтті, - деп бастады әңгімесін ауыл тұрғыны Гүлбаршын Алтаева. – Қазір біз бұл жерді жабылады деп естідік. Ол жағы жар салынып айтылмаса да, құлаққа жетіп жатыр. Осыған байланысты ойымыз уайымға толды. Біздің ауыл «медицина ауылы» десем қателеспеймін. 1952 жылы бұл жер Қазақстан бойынша жүйке-жүйесі ауруларына шалдыққандарды емдейтін екінші аурухана болаған. 500-600 ден аса науқас емделетін. Мәскеуден атақты профессорлар келіп, жергілікті ғалым дәрігерлермен бірге жаңа психотроптық дәрі-дәрмектерді тексеріп, лабораториялық жұмыстарды жасайтын. Жаңа емдеу жолдарын тауып, ғылым жолында үлкен пайдасын тигізетін. Мен осының барлығын өз көзіммен көрдім, - деп өкінішін білдірді көп жылдар бойы ауруханада қызмет еткен зейнеткер. Кейін кеңес одағы ыдыраған кезде аурухананың күйіне бейжай қаралды. Сол уақытта 150-ден аса науқасты Шүлбіге алып кетіп қалғанын қарғаға жем қылғандай тастап кеткен. Басы-қасында болуы керек басқармалардың өзі шарасыздық танытқан екен. Дәрігерлердің барлығы кетіп, фельдшерлер мен медбикелер қалған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ауыл тұрғындары өздерінің күшімен үйден азық-түлік тасып, көмір жоқта отын әкеліп, тіпті көрпе-жастық, киім-кешекке дейін науқастарға берген. Өйткені қарапайым адамдар қызметтен кетсе де кісіліктен кетпеген. Айлап ақша алмаса да, адамгершіліктерінен айырылмаған.
Осының барлығын өткерген тұрғындарға басқа қиындықтар шыбын шаққандай көрінеді. Елдің іргесі бекіп, қабырғасы қатайған уақытта, қажетсіз сән-салтанат сарайларына миллиардтап қаржы жұмсағанда, «Күлтөбенің басында» күнде қыруар қаражат кетіріп нәтижесіз жиын құрғанда, аядай ауылдағы бір нысанға жөндеу жүргізіп, не болмаса салып бере алмай ма деп халық күйінеді.
«Жұмысы тоқтайды», «жабылады» дегеннен үрейленген халықтың көзі – емхананың көмір сақтайтын қоймасында. Жүк көлігі келіп қара отынды түсіргенде тұрғындар бір «ух» дейді. Яғни көмір әкелсе тағы бір қыс аурухана жұмыс істейді деген сөз. Міне, халықтың мұңы осыдан туындайды.
Үлкендердің жолын қуған
«Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе соңы да солай жүреді» дегендей ауыл мектебі түлектерінің дені дәрігер мамандықтарына оқуда екен. Қазірдің өзінде Семейдегі медициналық академияда 5, Өскемендегі медициналық колледжде 10-нан аса келешек ақ халатты абзал жан болар ауыл жастары білім алуда. Алдыңғы буын сияқты олар да ауылдағы ауруханада қызмет етіп, тәжірибе жинағысы келеді. Бірақ бөгет болып тұрғаны емхананың жайы. «Дәрігерлер династиясын» жалғап, өздерінше шежіресін жасағандар бұл қызметтің асқан жауапкершілік пен міндеттің, абыройдың ісі екенін біледі. Сол үшін де диплом алып шет елге емес, шет қалған атамекендерінде істегісі келеді. Ал бүгінде ауруханада 160 адам жұмыс істейді. 48 медбике мен техникалық қызметшілер бар.
- Стационарлық жағдайда 180 науқасқа дейін емделеді. Түрлі жағдайдағы адамдар. Бірі сот шешімімен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілсе, бірі дәрігерлер кеңесі бойынша ем алады. Әйелдер және ер адамдар бөлімдері бар. Жүйкесі сыр бергендер көп болғандықтан жұмыс оңай емес. Түрлі жағдайлар болады. Науқастардың өздері барлығын телефонға түсіріп, ғаламторға салып, дау-дамай шығарғысы келеді. Әкімшілік корпус, ас үй, зертхана және шаруашылық алаңы бар. Бес емдеу бөлімі қызмет етеді. Жиыны тозығы жеткен тоғыз ғимарат, - дейді нөмір үшінші наркологиялық бөлімшенің қызметкері Мафура Танашқызы (аты-жөні өзгертілген).
Бірнеше жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұсында ауыл тұрғындары әкімге хат жазып, шағымданып дегендеріне жеткен сияқты еді. Сол кездегі облыс басшысының мақұлдауымен жобалық сметалық құжаттама жасалған. Қажетті қаржы сомасы бөлініп, әкімдікте ғимараттың макетіне дейін дайындалған. Тұрғындардың сөзінше, жаңа нысан бой көтеретін жер өлшеніп, белгіленіп қойған. Бірақ жұрт қуанышы ұзаққа созылмады. Облыс әкімі ауысып, жұмыс басталуы тиіс үш жыл уақыты өткен соң құжаттың заңды күші жойылып, басталған іс аяқсыз қалды.
Жетпіс жылдан аса тарихы бар ауруханаға көпшілік бұрынғы дәрежесі қайтарылса дейді. Бұрын жеке дара облыстық психиатриялық аурухана аталған мекеме бүгінде Өскемен қаласындағы психоневрологиялық диспансерге бекітілген. Атағынан айырылған соң ба, соңғы уақытта қолдау да аз. Ауруханаға керек заттар кейде жеткіліксіз болып жатады. «Жау жағадан алса, бөрі етектен алады» демекші, сансыз тексеріс пен комиссия жағдайды одан ары ушықтырады. Қырық қағаздың астына үйіп, ол жетпесе айыппұл салып кетуде.
- Біздің мамандар науқастармен қалай жұмыс істеу керектігін бес саусақтай біледі. Өз істерінің нағыз шеберлері. Себебі жатса-тұрса аурулардың қасында. Тіпті емдеу біліктіліктері қанында десем артық айтпаспын. Өйткені оларға дейін ата-анасы, әжелеріне дейін осы салада. Бір бөгет болатыны – толассыз тексеріс. Төтенше жағдай қызметкерлерінен бастап, санитарлық эпидемиологиялық станция қызметкерлеріне дейін айыппұл салып кетеді. «Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай емес», «нормаларға келмейді» дейді. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші-қырқыншы жылдары салынған ғимараттар әрине, бүгінгілерге қарағанда әлдеқайда тозған, – дейді аурухана қызметкерлері.
Аурухананың №3 бөлімшесінің сыртқы көрінісі
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»
Аурухана қала сыртында орналасқандықтан науқастардың емделуіне өте қолайлы. Себебі денсаулығы нашарлаған адамға табиғи орта, таза ауа керек. Жаңа Қанай мұндайда таптырмас орын. Облыс орталығына да жақын.
Жақында Ұлан ауданына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан барып, аурухана бөлімдерінің жағдайымен танысып қайтты.
- Өкінішке қарай, аурухана ерте салынғанына байланысты апаттық жағдайда. Науқастар іргетасы 40-ншы жылдары қаланған бірнеше барақтарда ем алуда. Қайта жөндеу жұмыстары бұл ретте кешіктірілмей орындалуы тиіс. Жаңақанайлықтардың негізгі жұмыс көзі осында болғандықтан уайымдары орынды, - дейді Әсем Бекқызы.
Облыстың әр түкпірінен әкелінетін науқастарды қазірде 160-қа жуық қызметкер күтіп-бағуда. Емхананың негізгі емделушілері бойында психикалық ауытқулары барлар. Көбінің әлеуметтік байланыстары, өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай дағдылары жоғалған. Мұндағы ең жасы үлкен науқас 35 жыл бойы емделудегі 92 жастағы кейуана.
Тексеріс нәтижесінде әкімдік өкілдері бірнеше амал қарастыруда. Ең біріншісі, науқастардың дені стационарлық емделуде болған соң 70 шақырым жердегі Бозанбай ауылындағы әлеуметтік көмек көрсету орталығына қосымша 100 адамды жатқызу. Дәрігер, медбикелерге сол үшін қызметтік көлік бөлу. Екіншісі, Айыртаудағы бос жатқан ғимараттарды қайта жөндеу. Екі қабатты нысандардың жалпы аумағы 1600 шаршы метр. Онда орталық су құбырын, кәріз жүйесі мен жылыту жүйесін орнатуға болады. Оның ыңғайлы тұсы екі ауылдың арасы небәрі 15 шақырым. Үшінші жолы емделушілерді Тарбағатай ауданындағы ауруханаға ауыстыру. Онда фтизиатриялық аурухана орындарын дайындап, Ақжардағы бірқатар емделушілерді амбулаторлық емдеуге ауыстыруға болады. Жартысы Өскемендегі фтизиопульмонология орталығына орналастырылады. Бұл амалдар барлығына ыңғайлы деп тағы айтуға келмейді. Кей мамандарды қайта даярлап, жөндеу жұмыстарын жүргізбей ақ қоюға болғанымен жаңақанайлықтардың жартысы жеп отырған нанынан айырылуы мүмкін.
***
Тиісті органдар мен әкімдік өкілдерінің айтуынша, Жаңа Қанайдағы мекеме жабылмайды. Оның орнына қайта біріктірілу арқылы құрылады. Емделушілер мен медициналық қызметкерлердің талаптары ескеріліп, жұмыс орындары сақталады. Ол үшін облыс әкімдігі тікелей өз бақылауына алып, емхананың келешегін келісті қылмақ. Олай болса, ендігі үміт халыққа сөз берген шенеуніктерде...
Данияр ЗАЙНЕЛОВ