Ұлан ауданы Жоғарғы Тайынты ауылын орталық сумен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірленбек

791
көрілім

Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Жоғарғы Тайынты, Бестерек ауылдарына барып атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Іссапар барысында аудан басшысы ауыл халқының жай-күйімен танысып, басты мәселелерді өз көзімен көріп қайтты.

- Манат ауылының басты мәселелерінің бірі — медбикенің, сапалы интернет пен ұялы байланыстың болмауы. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жақын арада ауданның барлық үлкен ауылдары сапалы интернетпен қамтамасыз етілетін болады, - деді Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов. - Жолды жөндеу мәселесі бақылауда тұр, сметалық құжаттамаларды дайындау жүріп жатыр, біздің жоспар бойынша жобаны жүзеге асыру 2021 жылы басталады. Ал осы аптада блокты-модульдік станция орнатылып, таза су мәселесі де шешілетін болады. Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп кейбір ауылдарды медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі қаралады.

Сонымен қатар алдағы жылы Жоғары Тайынты ауылын орталық сумен қамту мәселесі өз шешімін таппақ. Бүгінгі таңда ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлінген. Тайынты өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер жолын көпірмен қамтамасыз ету туралы Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Санат Бостақбаевқа тапсырма берілді.

- Жоғарғы Тайынты ауылына соқпайтын маршруттық автобустар туралы мәселе облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары қаралатын болады. Бестерек ауалы тұрғындарының шағымдары бойынша көше жарығы мәселесі мен Уранхай өзені арқылы өтетін көпір мәселесі назардан тыс қалмайды, - деді аймақ басшысы.