Талай спорт дүлдүлдері түлеп ұшқан Ұлан өңірі алдыңғы толқын ағалар жүріп өткен жолды жалғастырар буын қалыптастыру жоспарын бүгінде бұлжытпай орындап келеді. Маңызды құрылыстардың бір шеті шығып, аз уақытта спортты серік еткендердің бір жерге топталатындықтары анық. Айтпағымыз, Бозанбай мен Таврия ауылдарында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешендері жайында. Қос нысан құрылысының қазіргі қарқыны, аумағы, келушілер үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылғандығы жайлы аудан әкімдігінен сұрастырып білген едік.
Бір жарым жылда біржақты болмақ
Ресми мәліметте қазірде аудан көлемінде төрт денешынықтыру және сауықтыру кешені бары айтылған. Олардың қатары тағы екеумен толықпақ, сәтін салса.
– Бізде қазір футбол мен футзал жағы айтарлықтай дамып тұр. Бір топ жігіттеріміз футзалдан облыс біріншіліктерінде бақ сынап жүр. Аяқ алыстары жаман емес. Алайда кейде әзірлік жүргізетін орын тапшылығынан темір тұлпаларына мініп, облыс орталығына ағылады. Аралығы жақын деп те айта алмаймыз. Тек ауыл намысын қорғап қана жүрген жоқ, өзара ауызбіршіліктері көпшілік жастарға үлгі деп сенеміз. Енді ауылдағы құрылыс сәтті аяқталса, спортты серік еткен жандар легі тіптен молаяр еді, – деді бозанбайлық жастар қатары.
Қауырт тірліктің қашан аяқталатынын да мәлімдеді әкімдіктегілер. Жоспар бойынша бір жарымдай жылдай уақыт қажет. Жалпы, осы жұмыстың қашан басталғандығына тоқталсак, Бозанбайда сәуір, ал Таврияда мамыр айында қолға алынды. Құрылыстың басы-қасында жүріп, соңына жеткізетін мердігер ұйым – «Qaz Constructions» ЖШС. Екеуінің аумағы бірдей: 8695,70 текше метрді құрайды. Қос нысанды тұрғындар санына қарай бірін үлкен, бірін кішілеу етіп салмай, көлемінің біркелкі болғандығы әлбетте, құптарлық жайт. Алдымен Үржар, Күршім аудандарындағы бассейндер, Көкпекті ауданындағы заманауи футбол алаңы, енді міне, Ұлан өңіріндегі кезекті қарбалас тірлік.
– Құрылыс жұмыстарына барлығы 30 адам тартылды. Оның ішінде Таврия ауылынан – үш, Бозанбайдан төрт адам жауапты жұмыстың бір шетінде жүр. Қазіргі уақытта қос кешеннің іргетасын қалауға әзірлік жұмыстары басталды, – делінген аудан басшылығының маусым айының ортасында берген ақпаратында.
Қанша қаржы бөлінді?
Демек іргетас қаланған. Жуырда аудан әкімі Ренат Құрмамбаев Бозанбай ауылына жұмыс сапарымен барғанында қарбалас жұмыстың барысын байқап қайтқанын жеткізген еді. Жобаға сәйкес спорт кешендерінде үш бөлек бөлме салу қарастырылған: жатттығу, бокспен шұғылдану, сондай-ақ шағын және волейбол бөлмелері бос уақыттарын бейсауат өткізуден аулақ тұрғындарға есіктерін айқара ашпақ.
– Спорт кешендері бір ауысымда барлығы 47 спортшыны қабылдайды деп жоспарланса, шағын футбол алаңында сыйымдылығы 110 адамға шақталған көрермендер орны қарастырылған, – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміндегілер.
Енді қаржы жағына аз-кем тоқталайық. Бар шаруаның бастаушысы саналатын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Таврия ауылында спорт кешенін салуға – 312,1 млн, ал Бозанбайдағы нысанға 280,1 млн теңге қаржы бөлініпті.
– Аталған құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қаңтар айында аяқталады деп межелеп отырмыз, – деді әкімдік өкілдері.