Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады

171
көрілім

Округ үшін осы жыл кезекті жағымды жаңалығымен есте қалғалы тұр. Жуырда өткен бүркітшілер сайысы халықаралық деңгейге жетіп, облыс тұрғындарынан бөлек, Бозанбайды шетелдіктер де біліп қалды. Не дегенмен бұрынғы аудан орталығы, көшіп жатқан тұрғындар да көп байқалмайды. Ауылдық округ әкімі Раушан Мұқашева нақты атқарылған жұмыстармен бөлісіп, алдағы өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан басшысы алдымен Алғабас ауылындағы жұмысты сөз етіп, Бозанбайға біртіндеп ойысты. Жалпы, екі ауылдың тұрғындарын қосқанда 2500-ге жуық адам тұрады. Алғабас жұрты балалар ойын алаңының ашылуына куә болса, округ орталығында субұрқақ іске қосылған. Балалар алаңы былтыр қолданысқа берілген. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Раушан Тұрсынханқызының сөзінше, бұл Балалар жылына орайластырылған.

– Ашылу салтанатын желтоқсан айына деп жоспарлап отырмыз. Ішінде бірнеше үйірме болады, – деді округ басшысы. – Тренажер залы, бокс, дзюдо сияқты спорт түрлерінің үйірмесі жұмыс істемек. Одан бөлек, қазір ауылымызда балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. 60-қа тарта жеткіншек, жасөспірімдер мен жастарымыз спортпен шұғылданады. Білікті бапкерлеріміз әркез бағыт береді. Бозанбайда футбол алаңы, хоккей қорабы бар. Балаларға арналған би үйірмесі мен ақындар мектебін де айта кетуге болады. Жалпы, биыл мектебіміздің 100 жылдығы атап өтілді.

Айта кетерлігі, білім ордасының басшылығы мен әкімдік тізе қосып, мектеп тарихынан сыр шертетін музей ашпақ. Округ әкімі бұл жағынан оқушылар да өз үлестерін қосуға әзір дейді.

Ұлан ауданының Алғабас ауылын айтқанда, аударыспақтан құрлықтық жарыстарда топ жарып, жүлде алған Жұмабек Жәпішевті айта кетпеске болмас. Елішілік жарыстарда талай жыл олжа салып келді. Қазір Бозанбай ауылдық округі бойынша аударыспақ пен көкпар командалары бар, солардың басын қосатын да осы Жұмабек Жәпішев. Қуанарлығы сол, бұл жақта ұлттық спорттың алар орны ерекше. Арыға бармай-ақ, қараша айының 8-і күні өткен «Шығыс салбуырыны – 2022» бүркітшілер сайысын осы ауылдың құндылығы десек қате айтпағанымыз. Құсбегілік пен туризмді дамыту мақсатында биыл екінші рет қолға алынды.

– Мұнымен қатар этноауылдың округтің мәдени өмірінде алар орны ерекше. Этноауылды дамыту үшін үш үйге грант берілді, – деді Раушан Мұқашева. – Олар қонақүй іспетті, келушілерге қазақтың ұлттық тағамдарын көрсетіп, дәмін татқызады. Қысқасы, туристер келсе, олардың күтіп алатын жер бар. Бастапқыда бұған алты адам қатысқан. Бірақ грант үш үйге бұйырып, олар 2500000 теңгеге ие болды. Бір тұрғынымыз екі қабатты баспанасын қонақүй кешені сияқты етіп жасаған. Осыған дейін екі мәрте мейман қабылдап үлгерді. Одан бөлек, Ошан Шакерманды айтуға болады. Ауқымды шаралар өткізілсе киіз үйін құрады, одан бөлек, отбасы бүркіт баптап отыр. Былтыр және алдыңғы жылдары пандемия асқынып тұрғанда Абдолла Күлжидің саумалы мен қымызына сұраныс артып тұрды. Келушілер қарасы жазда да, қыста да азаймай, әкімдік өкілдері іскер жанды қолдауды жөн көрді.

Кәсіп ашамын деп құлшыныс білдірген жастар да бар. Оларға «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант ұтып алуға еш кедергі жоқ. Айталық, жастардың бірі аталған 1200000 теңге грантқа ие болып, басымдықты киіз үйге бергісі келеді. Нақты айтсақ, алдымен сатып алып, сосын құрақша, көрпешелер тігіп, кейін ұлттық нақыштағы заттарын көпшілікке саудалайды. Анығы сол, кәсіпкерлікті дамыту бойынша округ әкімдігі әрбірін қолдауға дайын.

Бұдан бөлек, ауылдың ішкі жолдарын жөндеу күн тәртібінен үзілген емес. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 7,5 шақырым ішкі жолдар жөнделіп, көшелерге жарық тартылды. Бірлік, Амангелді және Тәуелсіздік көшелері жарықтандырылып, ауыл көлемінде баған шамдары ауыстырылды. Раушан Мұқашеваның сөзінше, Алғабас ауылының орталық көшесінде жарық бар, тек Сібе көшесінің мектепке дейінгі жол аралығы жөндеуді қажет етеді. Жалпы, Алғабаста екі көше бар, келер жылы қаржы бөлінсе Сібе көшесі де жарқырап тұрады дейді. Мұнымен қатар, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы бойынша көпбалалы жанұялар үшін биыл үш үй салынды.

– Ауылымызда би үйірмесі жұмыс істейді. Балғын өнерпаздарға арнап биыл түрлі костюмдер тігіп, берілген. Бізде кішкентай және ересек топ бар. Балалар жылы болғандықтан соларды қолдап, барынша назар аударсақ, оларға да шабыт қосылады. Мұның барлығы аудандық бюджет есебінен жүзеге асты, – деді округ басшысы.

Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін Алғабас ауылында былтыр блок-модульді станцияның құрылысы басталған. Ұңғымасы қазылып, аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жұмысты бақылауына алған көрінеді. Ал Бозанбай ауылына таза ауызсу тарту 2023-24 жылдарға жоспарланған.

– Қазір ауыл халқының көбі өз үйлеріндегі құдықтан су ішіп отыр. Одан бөлек, «Аубакиров» жеке кәсіпкерлігінің су мұнарасы бар. Ауылдағы көпқабатты үйлер мен бірқатар нысандарды қамтамасыз етуде, – деді округ әкімі. – Ауылымызда дәрігерлік амбулатория жұмысын жалғастырып отыр. Екінші, үшінші қабаттары пандемия кезінде провизорлық орталық етіп өзгертілген. Бірақ қазір бос тұр. Жуырда өңір басшысы Даниал Ахметов келіп, мұны оңалту орталығы етуге болатынын айтып, қазір соған дайындап жатыр. Жобасы әзірленіп қойған. Алғабастағы фельдшерлік-акушерлік пунктің жағдайы жақсы деді округ басшысы. Жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіліп отырады. Интернет жағына келсек, Алғабаста да, мұнда да ғаламтор жылдамдығы 3G-ді көрсетіп тұр.

Раушан Тұрсынханқызы Ұлан ауданы бойынша 96 мүгедек бала бар екенін айтты. Ерекше қамқорлықты қажет ететін жандар үшін оңалту орталығы есігін айқара ашып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылса, біршама адам жұмыспен қамтылмақ. Жастар ала жаздай тер төккен «Жасыл ел» бағдарламасы да еңбекке баулуға жасалған сенімді қадамдардың бірі. Студенттерді алдымен «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа алып, кейін алты ай мерзім ішінде көзге түссе түрлі бағытта тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Бозанбай ауылындағы орта мектептің сырты жөндеуді қажет етеді. Алдағы уақытта бұл да қолға алынады дейді Раушан Мұқашева. Қазір мұнда 291 оқушы оқып жатыр. Мектеп біршама үлкен, алайда бала саны азайған дейді. Бір ауысыммен оқиды, 44 мұғалім бар. Бозанбайда 105 бүлдіршінді бауырына басқан «Айгөлек» балабақшасы да бірқалыпты жұмыс істеп келеді. Не десек те, көпшілік жаңадан ашылатын дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне кіруге асық. Округ әкімінің сөзінше, Айыртаудағы нысанға қарағанда үлкен.

Қуанарлығы сол, тұрғындар көтерген мәселе уақтылы шешімін тауып келеді. Жарық тартылды, енді ішкі жолдарды жөндеу де толыққанды аяқталмақ. Бозанбайдың реңін ашып тұрған тағы бір орын – Абай саябағы. Екі жыл бұрын «Жастар саябағы» ашылса, былтыр ұлы ақынның аты берілген көркем жер көпшіліктің қуанышын оятқан. Тура әкімдіктің жанында, маңайы қоршалған, қақ ортасына хакімнің кеудемүсіні қойылыпты. Алғабас ауылы да ұмыт қалмақ емес. Раушан Мұқашева алдағы жылдың жоспары деп Алғабастағы клуб үйін жөндеуді қойындәптеріне түртіп қойған. Соған қарады да «Бұған үш миллион теңге бөлінеді» деді. Жалпы, округті дамытудың сенімді тетігі туризм десек, бұл жағы былтырдан бері бір бағытқа қойылып келеді.

– Бозанбай ауылында бүркіт асырайтын үш отбасы бар. Осы жолы бауашар рәсімі өткен Айзеренің ағасы Бағжан мен әкесі Маркс Нажитпан, Горький Нажитпан қыран баптап отыр. Содан кейін ауылға кіреберістегі тағы бір ақсақалымыз бүркіт асырайды, – деді округ басшысы. – Қазір бұған қызығушылық танытып жатқандар көбеюде. Мұның алдында каникул кезінде 130 баланы әкеліп, Мәдениет үйінде барлығының басын қосып, шеберлік сағатын өткізді. Бүркітті таудан ұшыру да ерекше әсерлі шықты. Онымен қоса, ауылда тазы асырайтын тұрғындар да бар. Айта кетерлік жайт, Бозанбайда жергілікті кәсіпкер мал бордақылауда біршама биікке жетіп үлгерген. Округ әкімі Қуаныш Мұқашевтың («Ерали КО» ЖШС) Қырғызстаннан асыл тұқымды қошқар әкеле жатқанын айтты.

Ауыл тұрғындары шабындық жер керек деп өтініштерін айтатын көрінеді. Көшіп кетіп, жерін қараусыз қалдырғандар бар. Осы бойынша инспекцияға 35 адамның құжаты өткізілді, әрі қарай сот арқылы нақты шешім шығарылмақ. Жиындарда аудандық жер қатынастар бөлімінің мамандары сөз алып, шаруа қожалық иелеріне түсінік жұмыстары жүргізілген. Мал басы азайған тұрғындарға өз еркімен жерін қайтару жағы да түсіндіріліпті. Жалпы, мал жаю үшін Ақжартас учаскесінде 4000 гектар жер телімі бөлінген.

Раушан Тұрсынханқызы округ әкімі болып былтыр күзде сайланды. Әйел адамға әкім болу әсте оңай емес дейді. Алдымен бас маман ретінде еңбектенді, кейін тұрғындар қолдауымен округ басшысы болды. Өзі бұрынғы Қызылсу ауылының тумасы. Жерлестеріне деген жанашырлықпен барын сала еңбектенуге әзір.