Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде мүгедек балаларға арналған шаралар өткізу күн тәртібінде тұр

207
көрілім

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде жыл аяқталмай жағымды жаңалықтар естілгелі тұр. Біршама отбасы баспаналы болып, жаңа мектеп бүлдіршіндерге есігін айқара ашпақ. Уақыт өткен сайын жастар үлесі артып, тұрғындар саны көбейіп келе жатқан кентте алдағы жылы да оң өзгерістер күтіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мектеп құрылысының маңызы зор

Аудан орталығы Өскеменнің дәл іргесінде орналасқан. Сондықтан болар, ұландықтардан бөлек, шалғайдағы аудандардан да келіп жатқандар жетерлік. Соңғы 15 жыл көлемінде Қасым Қайсенов кентінде мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысына ерекше мән беріліп келеді. Инфрақұрылым жағы дамыған. Осы себепті де «Бір қабатты Шығыс», «Нұрлы жер» бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Көбінесе көпбалалы отбасылар қоныс аударып жатыр.

– Жоғарыда айтқан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі 40 пәтерлі үй салынуда. Бұйырса, желтоқсан айының 1-не дейін аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарланған, – деді Әділбек Кенжебекұлы. – «Бір қабатты Шығыс» бойынша тоғыз үй салынып жатыр. Кент көлемінде тұрғын саны біршама артқан. Ресми деректе 7500 адам деп жазылса, шынтуайтында 9000-ға жуықтайды. Кентіміз Өскеменге тиіп тұрғандықтан студент жастар көп. Жергілікті жұрттың көбі құс фабрикасында, шамамен 20-30 пайызы Өскеменде жұмыс істейді.

Барып-келу жағынан қиындық жоқ: автобус уақтылы жолаушылар тасымалдап, такси екі ортада үздіксіз қатынайды. Әкімдік өкілдерінен бөлек, ата-аналарды да алаңдатқан мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Себебі, қазіргі уақытта 600 орынға арналған мектептегі оқушылар саны айтарлықтай көбейіп, екі ауысыммен оқыса да кедергісін келтірмей қоймауда. Ресми мәліметке сәйкес шамамен 1400-ден астам оқушы білім алып жатыр.

– Қазір 320 орынға шақталған мектеп салынуда. Құрылыс былтыр күзде басталып, облыс әкімдігінен қаржы бөлінген болатын. Мердігерлер биыл желтоқсан айында тапсырмақ. Қазақ тіліндегі мектеп заманауи үлгімен салынып жатыр, – деген әкім кенттің бас жоспарымен таныстырды.

Кентке көшіп келушілер көп

Айтуынша, осы уақытқа дейін тұрғындарға деп 500-ден астам жер телімі бөлінген. Жоспарлы даму бойынша сызба 2005 жылдары әзірленіп, халыққа өз баспанасын салуға мүмкіндік туды. Жеке меншікке берілген жер содан бері көптеген құрылыстың куәсі болған. Қоныс аударып келіп жатқан қандастарымыздың көбі көпбалалы жанұялар. Күршім, Катонқарағайдан бастап, Зайсан, Тарбағатай, Үржар сынды шалғайдағы аудандардан келіп, орныққан. Кент әкімінің сөзінше, маңайда жайылым жері аз. Қала тектес кент болғандықтан құс фабрикасының да ықпал ететінін ескеруіміз керек. Дей тұрғанмен 1-2 бас ірі қара ұстап отырғандары бар. Анығы сол, 500 жер телімін кәдеге жаратып, жұрт баспана салып бітсе, Қасым Қайсенов кентіндегі тұрғындары саны тағы да артпақ. Бұдан бөлек, бірқатар аумақ «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қалдырылған. Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 100 миллион теңгеге кенттегі төрт шақырымға созылған ішкі жолдар жөндеуден өтіп, алты көшеге асфальт төселді.

– Биыл жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Ізғұтты Айтықовтың 100 жылдығын атап өттік. Соған орай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында батырдың атына берілген көшені асфальттап, жарық тарттық. Тағы бірнеше көше қамтылды. Жұмсалған қаржы – 9 миллион теңге. Әйтсе де кентіміздегі алға басушылықпен қатар бірнеше мәселе әлі шешімін таппай отыр. Су, жылу құбырлары тозған, соған ағымдағы жөндеу жүргіземіз, – деді Әділбек Рамазанов.

Келер жылға төрт миллиард теңгенің жоспары дайындалды. Сәті түссе сол қаржыға жылу трассасы қайта жаңғыртылмақ, жоба дайын. 2023 жылдың тағы бір есте қаларлық сәті – 150 орындық аурухана құрылысы. Орны мен тиісті құжаттары бекітіліп, әзірленген. Кент басшысы көптен бері тұрғындар да жиі шағымданып, шешімін таппай жүрген мәселе деп осыны айтты. Себебі, науқастар ем-дом алатын кенттегі қазіргі аурухананың тозығы жеткен, дәліздері тар. Десе де жедел жәрдем жұмыс істеп тұр, дәрігерлері білікті. Келер жылы қолға алынатын құрылыс бір мезетте 150 науқасты қабылдай алады деп есептелген.

Музыка мектебі бой көтереді

Мұнда музыка мектебі ашылады деп бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Енді нақты қолға алынатын мерзімі – 2023 жыл. Қазірдің өзінде кент бойынша 1000-нан астам жас өнерпаз үйірмелерге қатысып жүр. Түрлі байқауларда топ жарып, жүлде алып жүргендері қаншама. Биыл үш ауыл «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасына енген – Алмасай, Өскемен ауылдық округтері мен Қасым Қайсенов кенті. Осы және Ұланның көптеген ауылдарында кәсіпкерлікті дамыту бойынша ниет білдіргендер артып келеді. Аудан орталығының өзінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеті адам 1200000 теңге көлемінде қайтарымсыз несие алған. Қаражат қолдарына тиген бойда кәсібін бастауға әзір. Жалпы, кент тұрғындары үшін іргедегі құс фабрикасы талай жылдан бері тұрақты жұмыс орнына айналған.

– Неге бұл жақты әу баста «Молодежное» деп айтқан? Өйткені, бірнеше он жылдықтар бұрын жан-жақтан келген жастар тұрды мұнда. Солар үшін осы үйлер салынып, барлығы дерлік құс фабрикасында тер төкті. Бүкіл кент фабрикада ғана жұмыс істеді. Жергілікті адамдармен, мұғалімдер, мектеп директорымен сөйлескенде де осынау жұмыс орнының артықшылықтарын айтып отыратын. Фабрика тарапынан сол ұстаздарға да, жастарға да жан-жақты жағдай жасалған, – деді Әділбек Кенжебекұлы.

Балаларға ойын алаңы салынады

Әр жылы белгілі бір мөлшерде тазалық, абаттандыру бойынша қаражат бөлінеді. Қасым Қайсенов кентінде балалар ойын алаңы мен спортты серік еткендер үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Шағын футбол алаңдары жазда тартысты ойындардың куәсі болды, қыста хоккей ойнауға жарап тұр. Street Workout-қа ден қойғандар да алаңсыз өздерін шынықтыра алады. Бұлар соңғы екі жылда салынды.

– Келер жылға жаңа өтінім жасалмақ. Кентімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға арнап салынған 40 пәтерлі екі үй былтыр қолданысқа берілді. Сол үйлердің ауласында балалар ойнайтын алаң жоқ, соны қолға алсақ па дейміз. Биылға қаражат бөлінбеді. 25 қазан Республика күні қарсаңында Мәдениет үйінде концерттік шаралар өтті. Көптен күткен мерекені кент болып ұйымдастырдық. Балалар-шығармашылық музыка мектебінің ұжымдары шара көркін қыздырды, – деді кент әкімі.

Жалпы, бұл күні Сағыр, Герасимовка ауылдарында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің кілті берілді. Кент әкімінің кубогі үшін өткен шағын футбол сайысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазан айы бастала салысымен атап өтілетін Қарттар күні жалғызбасты қарияларға азық-түлік себеті үлестірілді. Бір дүкен ашылып, тұрғындар үшін сауда орны жұмысын бастаған.

– Кентімізде 23 мүгедек бала бар. Соларға арнайы шара өткіздік. Облыста «Берегиня» деген қоғамдық қор бар. Олармен тығыз байланыстамыз. Бар назарды балаларға аударып, жүздеріне күлкі үйірілсін деп жан-жақты атсалыстық, – деді Әділбек Кенжебекұлы.

Таврияда тер төккен жылдар

Былтыр қараша айының 11-і күні кент әкім болып тағайындалған азамат Бозанбай ауылының тумасы. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі жетерлік. Әсіресе ауыл шаруашылық саласын жетік біледі. Өзі айтқандай, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімін басқарды, аудан әкімі аппаратының басшысы да болды. Таврия ауылын да басқарды. Таврия демекші, Қасым Қайсенов кентіндегі 320 орындық мектеп пен сол елдімекендегі білім ордасының үлгісі бір. Зәулім, жоспары ерекше әрі сапалы етіп салынған.

– Таврияда әкім болып тағайындалған кезде сыни көзбен қарағандар көп болды. Өзім жаспын. Еңбек өтілім аз, мәселелереден бейхабар деп ойлады, – деді кент басшысы. – Кәсіпкерлік бөлімін басқарып, ауданда алты жылдай жұмыс істеп, тұрғындардың жартысына жуығын танитынмын. Сосын оларға өзімнің бұрынғы аудан орталығы Бозанбайдан (бастапқы атауы Никитинка) келгенімді, ауыл игілігі үшін жұмыс істеуге әзір екенімді айттым. Себебі, ол кезде Таврияда су тартылмаған, жарық жоқ, тұрғындар жағдайы төмендеп тұрған еді. Қойылған меже биік болды. Басшылық бір жылға деп жіберіп, төрт жыл жұмыс істеп барып бірақ ауыстым.

***

Қуаныштысы сол, желтоқсан бітпей тұрғындар баспаналы болмақ. Қазіргі уақытта шамамен 300-дей адам үй кезегінде тұр. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы уақытта мұнда орталық базар ашылмақ. Такси жүргізушілері тұрақтайтын орынды тегістеп, қарбалас жұмысқа дайындап қойған.