«Қазір де, бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Мынадай қиыршық әрі үшкір тастардан гөрі жай «шұрқ» тесік болғаны дұрыс сияқты» деп әзіл-шағымды араластыра жеткізген тұрғындар аудан басшылығынан қандай да бір қайыр болу мүмкіндігін жоққа шығарып отыр. Жолдың машақаты бір бөлек, бұл жақ бұрыннан «байланыс аясынан тыс жерде». Дегенмен аудандағы атқамінерлер бұл жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарда бар екендігін мәлімдеді.
Былтыр асфальтталып басталған
Өскемен мен Самар ауылы аралығында Тайынтыдан асқан соң «Манат 38» деп ауыл атауы жазылған тақтайшаны ерсілі-қарсылы өткендердің барлығы дерлік байқаған болар. Дегенмен солға қарай «сайрап» жатқан жолға көлік тізгінін бұруға көңілдері дауаламайтындықтары сөзсіз. Бәлкім, ол жақты тамыр-таныс, туыс-туғандары жоқ, я болмаса доңғалақ жарып алу қаупі жоғары. Осы екі себеп. Ал манаттықтардың өздері «Айта-айта Алтайды» деп… барға қанағат қылып тіршілік ету екпінін жоғалтпаған.
– 2020 жылдың шілдесінен бастап Ұлан ауданының бұрынғы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен Тайынты-Манат ауылдарының жолына асфальт төселе бастаған. Манат ауылы тұрғындарының төбесі көкке екі елі жетпей қуанғаны есімізде. Ал биыл жаңа әкім тағайындалған сәттен бастап жол салынбайтынын естідік, – дейді газет редакциясына қоңырау шалған оқырмандар.
Үзілген үміт
Ресми мәліметте Манатта 133 адам тұрады деп көрсетілген. Иә, белгілі бір мөлшерде аудан басшылығындағылардың атізін салмай, мәселе төркініне неліктен үңілмей жүргендерін топшылауға болады. «Шағын ауыл». Алайда бұрынғы әкім бастаған істің неліктен жалғасын таппағаны беймәлім. 2020 жылы жұмыс басталып (індетке қарамай) биыл үзілді-кесілді тоқтатылғаны көңілге күдік ұялатады. Қияқты өткір тастар 38 шақырымның сәніне айналып, әр доңғалаққа «қастандық» жасауға қашан да әзір. Шешімі бар ма мұның?
Аудан әкімінің аппаратындағылардың айтуынша, былтыр аталған жолдың 12 шақырымы асфальтталған. Ал тұрғындар жолдың мүлде салынбағандығын алға тартты.
«Жөндеу жоспарда бар»
Аудан басшылығындағылар шынын айтса, онда асфальтталмаған 20 шақырым бар. Дегенмен тақтайшада 38 шақырым деп жазылып тұрғанымен, әкімдік өкілдері 32 шақырымға қатысты ақпарат ұсынды. Осыған сәйкес биыл маусым айының соңында 481467,5 мың теңге сомасына Манат ауылына кіреберіс 0-20 шақырымын жолын орташа жөндеуге облысқа бюджеттік өтінім өткізіліпті, алайда бюджеттік комиссия қараусыз қалдырылған.
– 2022 жылы аудандық маңызы бар Манат ауылына апарар жолды жөндеу жоспарда бар. Сонымен қатар жоба мерзімі бітуіне және қымбаттауына байланысты екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылданды. 2022 жылы облыстық бюджеттен мәлімделетін болады, – делінген мәліметте.
Жұмыс жүргізілген ауылдар
Жол машақатын тартып отырған ауылдың Тарғын ауылдық округіне қарасты екендігін ескерсек, ол жақтағылар да өз уәждерін білдірді. Айтуларынша, былтыр басталған жұмыс биыл жалғасын табады. Дегенмен қоңыр күздегі күн райы алабұртып, бұл әрекеттері тәмамдалып үлгере ме екен? Қалай болғанның өзінде аталған мәселе округ әкімдігінен бастап аудан басшылығының назарында тұрған сыңайлы. Десе де тек назарға алып қана қоймай, тағатсыздана күтіп жүрген тұрғындар игілігіне сапалы асфальтталған үлгіде берілсе дейміз.
Осыған қатысты әкімдік өкілдері «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл Таврия, Айыртау және Бозанбай ауылдарында жалпы ұзындығы 18,3 шақырым жолдарды 513,174 млн теңгеге жөндеудің бес жобасы іске асырылғандығын мәлімдеді. Басқа да аудандық және ауыларалық жолдарды жөндеу үшін республикалық және облыстық қазынадан 597184,1 млн теңге қаржы бөлінген. Ауыларалық жолдар дегенде Манат ауылы еріксіз еске түседі.
«Ес білгелі интернет болмаған»
Тағы бір бас қатырарлық мәселе – ғаламтордың жоқтығы.
– Кейбір елдімекендерде «сеть» ұстайтын жерге шығып сөйлесіп жатады. Бізде ол да жоқ. «Offline ауыл» біздікіндей-ақ болсын. Жалпы, мен ес білгелі болмаған, – деді Айнұр Қасымбай (аты-жөні өзгертілген).
Мұны аудан әкімдігіндегілер де растады. Олардың сөзінше, интернет мектептен басқа ешбір жерде жоқ. Қазіргі уақытта Жоғарғы Тайынты ауылы маңындағы орман шаруашылығының аумағында антенна-діңгек құрылыстарын жүргізу үшін жер телімі анықталған. Енді соны жалға алу қадамдары пысықталуда. Анығы сол, 2021 жылға антенна-діңгек құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамын әзірлеу жұмысы басталды. Сәтін салса бұл әрекеттен соң Жоғары Тайынты мен Манат ауылдарына ғаламтор желісі жол тартады.
– Аудан әкімі атынан байланыс операторларына хат жіберілді. Олар өздерінің жоспарына сәйкес елдімекендерде интернет желісін тартуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов.
Енді жауапты тұлғалардың айтуына қарай нүктесі қойылған жұмыстарға қысқаша тоқталайық. Мұны кесте түрінде ұсынған жөн болар:
№ |
Интернет тартылған ауылдар |
Мерзімі |
1 |
Бестерек |
2020-2021 жыл |
2 |
Ізғұтты Айтықов |
|
|
№ |
Ауыл атауы |
Оператор түрі |
1 |
Жанұзақ |
Қар-Тел (Билайн) |
2 |
Гагарин |
|
3 |
Ұлан |
|
4 |
Жаңа Азовое |
|
5 |
Пролетарка |
|
6 |
Алмасай |
Теле2 операторларының мұнарасы орнатылған |
Әділхан ЕСІМХАНОВ