Ұлан ауданында 4,8 мың гектар жер телімі мемлекеттік қорға қайтарылған

586
көрілім

Үстіміздегі жылдың тоғыз айлық көрсеткішіне мән берсек, Ұлан ауданындағы 25 жер теліміне қатысты келісімшарттар бұзылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен жиында аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауылшаруышылық жерлердің қаншалықты орынды пайдаланылып жатқандығын тілге тиек етті. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта 100 мың гектардан астам ауылшаруашылық жерлері бақылауға алынған.

– Тиісті мақсатта пайдаланылмаған жерлер жетерлік. Оның ішінде 4,8 мың гектар жер тиісті құжаттардың реттелуіне қарай мемлекеттік қорға қайтарылды. Ал 11,3 мың гектар жерге жүргізілген комиссиялық тексеру нәтижесінде бірқатар актілер әзірленді, – деді аудан басшысы.

Анығы сол, ұландықтар мал жайылымдары мен егістік жерлерін белсенді пайдаланып келсе де, жалпы көлемі 22,2 мың гектар болатын 13 жер телімі иесіз деп танылған. Кейін араға бір жыл салып, аталған жер телімдері сот шешімдері негізінде мемлекеттік қорға қайтарылыпты. Жауапты тұлға пайдаланылмайтын жерлерді ауылшаруашылық айналымына тарту жұмыстарына барынша мән беріліп жатқандығын алға тартты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ