Ұлан ауданында 7 үйдің ауласына тарап кеткен ауқымды өрт толық сөндірілді

899
көрілім

Сағат 16:40 уақытында облыстың өрт сөндіру қызметкерлері Ұлан ауданының Ұлан ауылында туындаған ауқымды өртті толық сөндірді. Тілсіз жау қатты соққан желдің салдарынан 7 тұрғын үйдің ауласына тарап кеткен. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өрт туралы ақпарат өрт сөндірушілерге түске дейін келіп түсіпті. Оқиға орнына Қасым Қайсенов кентіндегі №34 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бірден аттанған. Оларға көмек қолын созуға Бозанбай ауылындағы бөлімнің өрт сөндіру көлігі келген. Алайда оның өзі жеткіліксіз болып, Ұлан ауылында шыққан өртті залалсыздандыруға Өскемен қаласының өрт сөндірушілері де бел сыбана кіріскен. Десе де екпінді желдің кесірінен тілсіз жау лезде жан-жаққа тарап кеткен. Синопиктердің айтуынша, желдің жылдамдығы секундына – 8-10 метр.

– Өрт сөндіру қызметкерлері тілсіз жаудың тұрғын үйлерге таралмауын қамтамасыз етті. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 16:40 уақытында толық өшірілді, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ