Ұлан ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында аламан айтыс өтті

1534
көрілім

Өткен жексенбіде Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде аламан айтыс өтті. Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында өткен дүбірлі додаға алыс-жақыннан жиналған арқалы ақындар өнерлерін паш етіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Ұландықтар үшін ұйымдастырылған айтыста үкілі домбыра иелері қара сөзді жарастыра саптап, жыр сүлейінің қандай болатынын танытты. Жүлде қорына тігілген бір миллион теңгені белгілі меценат, Ұлан ауданының тумасы, кәсіпкер Қайрат Мусин өз қалтасынан шығарып, шараның шырайлы өтуіне мұрындық болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Арыстарды еске алып…

Кезінде Алашорда өкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген еді. Енді, міне, Тәуелсіз Қазақстанда төл өнер қазаққа қайта оралды. Сахнаның сәніне айналған ұлттық өнер аламан айтыстың Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында Ұлан ауданында ұйымдастырылуы тектен-тек емес. Киелі Ұлан жері белгілі Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы заңгер Райымжан Мәрсековтың кіндік қаны тамған жер. Алаш үкіметі белсенділерінің Семей қаласында ұйыстырған осы Райымжан еді. Қасық қаны қалғанша «қазақ» деп өткен халықтың хас ұлының қасиетін дәріптей білген жерлестері осы шараның жоғары деңгейде өтуіне бір адамдай атсалысты.

Шарада республикаға аты белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов, қарағанды өңірінің жыр жасампозы Мақсат Аханов, астаналық ақын Мейірбек Сұлтанхан, павлодарлық жыр сүлейі, «Алтын домбыра» игері Аспанбек Шұғатаев, өскемендік жас сері Нұржан Жолбарыс, сатираның саңылағына айналып келе жатқан аягөздік Қазыбек Байжұманов, Өскеменнің намысын қорғауға келген Гүлнұр Зұлқаршын және ұландық, ең жас ақын Қуаныш Еркінұлы сынды арқалы ақындар айтысқа түсті.

Егемендік алғалы жан-жағымызды түгендеп жатқан жайымыз бар, – деп шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Ұлан аудандық мәслихатының хатшысы Оразай Сыдықов Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында өтіп жатқан республикалық айтыстың шашбауын көтеріп келген ақындарға алғысын білдірді.

Аламан айтыстың әділ бағасын беруге осы өнермен біте қайнасып жүрген азаматтар шақырылды. Атап айтсақ, қазылар алқасының төрағасы, жазушы, ақын, драматург Әлібек Қаңтарбай, «Шығыс-Ақпарат» медиа холдингі директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, ақын Серік Құсанбаев, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұрат Тастағанов, мәдениет қайраткері, танымал ақын Абаш Кәкенов, айтыс өнерінің белгілі майталманы Серікхан Жақиянов, Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, ақын Нұртай Тілеужан сынды белді азаматтар болды.

Шын айтыста шыңдаласың

Көңілде толқу барын жасырмаған астаналық ақын Мейірбек Сұлтанхан бұл жолғы айтыста осы өнердің майталмандыр жиналғанын айтып, сайыстың жеңіл болмайтынын алға тартты.

Айтыс қазақпен бірге жасасып келе жатқан төл өнер, – дейді ол. – Халқымыздың қасиетін ашатын өнер. Ақын деген аманатты алып жүру біз үшін үлкен жауапкершілік екені белгілі. Айтысқа келгеніме азды-көпті бірнеше жылдың жүзі болды. Шырайлы шығыстың Ұлан ауданында өтіп жатқан айтулы шараның орны әрине бөлек. Көрермендердің ықыласы да мен үшін ерекше, өйткені 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар айтысында осы ауданда өнер көрсетіп, бақ сынап кеткен едім. Содан бері Ұлан жұртшылығына жүзім таныс. Оның үстіне бүгінгі Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан аламан айтыстың орны ерек, сондықтан арқалайтын жүгіміз жеңіл емес.

Бұл жолғы айтыстың бір ерекшелігіне Ринат Зайытов, Мақсат Аханов пен Аспанбек Шұғатаев сынды айтыс майталмандары қатысатындығын жеткізген ол бүгінгі айтыс арқылы шығыс өңірінің жас ақындарының азулы ақындармен үзеңгі қағыстыра отырып шыңдалатынын алға тартты.

Жүлде қоры қомақты

Төл өнерді дәріптеп төрткіл дүниеге жар салған жайымыз бар, – дейді Ұлан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев. – Бүгінгі айтыс Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Айтыстың демеушілері, осы ауданның тумалары Қайрат және Думанай Мусиндер. Бұл кісілер сонымен қатар өздерінің әкелері Марат Батқолдаұлының өмірден озғанына 20 жыл, інілері, белгілі спорт саңлағы Талғат Мусиннің бақилық болғанына 10 жыл толуына орай еске алу кешін де ұйымдастырып отыр.

Мұның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке инвестицияны тартудың жаңа бастамасы екенін алға тартқан бөлім басшысы жүлде қорының бір миллион теңгені құрағанын айтып өтті.

Алғысымыз шексіз

Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйінің төрінде өткен аламан айтыстың бірінші кезеңінде айтысқа түскен алғашқы жұпта павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев аягөздік Қазыбек Байжұмановтан басым түсті. Ал Мақсат Аханов пен Гүлнұр Зұлқаршын жұбында Мақсат жеңіс тізгінін бермеді. Астаналық Мейірбек Сұлтанхан мен ұландық жас ақын Қуаныш Еркінұлы жұбында алыстан келген жыр сүлейі Мейірбек оза шапты. Ал төртінші жұпта танымал ақын Ринат Зайытовпен айтысқан өскемендік Нұржан Жолбарыс өрелі ақынмен тең дәрежеде өнер көрсетті.

Жексенбілік күнге қарамай айтыс тамашалауға келген жұртшылыққа ризашылығын білдірген әділқазылар алқасының төрағасы Әлібек Қаңтарбай дүбірлі доданың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Бүгінгі сегіз ақынның төрт жұбындағы айтысты кейде біз жиырма ақын өнер көрсететін айтыстардан көре алмаймыз, – деген ол екінші кезеңде сегіз ақынның үш жұбын қайтадан бақ сынауға шақырды. Аспанбек пен Қуанышты, Мақсат пен Нұржанды және Мейірбек пен Ринатты жұпқа біріктірген әділқазылар алқасы айтыстың келесі кезеңіне жол ашты. Ал кезең соңында оза шапқан Аспанбек пен Ринат бас жүлдені өзара сарапқа салып, бас бәйгені аузы дуалы ақын Ринат Зайытов жеңіп алды.

Жалпы көлемі миллион теңгелік жүлде қорынан айтысқа келген әр ақын құр қайтпай өз үлесін ала кетті. Атап айтсақ, ынталандыру сыйлығымен аягөздік Қажыбек Байжұманов, өскемендік Нұржан Жолбарыс және Гүлнұр Зұлқаршын марапатталып, елу мың теңге көлемінде сыйақылар алды. Спорт саңлағы, мәдениет пен өнердің жанашыры Талғат Мусиннің атындағы арнайы жүлдемен қарағандылық Мақсат Аханов марапатталды. Жүз мың теңгелік ақшалай сыйлық пен жүлделі үшінші орынды ұландық жас ақын Қуаныш Еркінұлы, ал екінші орынды және екі жүз мың теңгелік сыйақыны астаналық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Бірінші орынды «Алтын домбыра» иегері, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев жеңіп алса, бас жүлде мен жарты миллион теңгелік сыйақы суырыпсалма өнерінің хас шебері, белгілі ақын Ринат Зайытовқа бұйырды.

***

Осылайша отыз ақынның айтысына бергісіз шара сегіз ақынның қатысуымен-ақ жоғары деңгейде өтті. Алаш арыстарын еске алып, алты алашқа жар салған арқалы ақындардың өнері ұландықтар үшін бұл күннің басты оқиғасы болды. Суырыпсалма өнердің майталмандары саналатын сүйікті ақындарын көпшілік алда келе жатқан Тәуелсіздік күні қарсаңында өтетін Аламан айтыстан қайта көріп, көзайым болмақ. Мұны шара соңында сөз алған белгілі ақын Серік Құсанбаев хабарлады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фотосуреттер автордыкі