Ұлан ауданында бокстан халықаралық турнир өтті

467
көрілім

Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде жерлесіміз, Қазақстанның Халық Қаһарманы, көрнекті жазушы, әйгілі партизан Қасым Қайсеновты еске алуға арналған бокстан Халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Дәстүрлі турнир биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Айта кетейік, жарыс 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында өрбіді. Шаршы алаң бәсекесінде жергілікті спортшылардан бөлек, Әзірбайжан, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан және еліміздің әр түкпірінен келген 140-тан астам боксшы өз мүмкіндіктерін байқады.

Жарыстың салтанатты ашылуына аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғарғы ұлттық дәрежедегі төреші әрі Қасым Қайсеновтың туысы Бағлан Раимханов қатысты.

– Осынау турнирдің мақсаты – жас боксшылардың әзірлігін байқап, спорттық шеберліктерін арттыру ғана емес, сонымен қатар спортшылар арасындағы бауырластықты нығайту болып саналады. Болашақ чемпиондар осындай турнирлерде шыңдалып, үлкен спортқа сенімді қадам жасайды, – деді Нұрымбет Аманұлы кіріспе сөзінде.

Сайысқа қатысушылардың ешбірі де жеңіске жету жолында аянып қалмады. Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің боксшылары, одан бөлек шаршы алаң қожайындары да жоғары дайындықпен келгендіктерін байқатып, жүлделер легін молынан иеленді.

Ал жарыс қорытындысында иеленген медальдар жиынтығына қарай командалық есепте ШҚО спортшылары көш бастады. Екінші орын қырғыз боксшыларына, үшінші орын Әзірбайжан елінің өкілдеріне бұйырды. Осы ретте шаршы алаң қожайындарынан Аят Ринат (Айыртау ауылы, жаттықтырушысы Кирьянов Т.Е.), Манасов Талант (Қ. Қайсенов кенті, жаттықтырушы Мусин Б.Ж.) 3 орын иеленгенін айта кетейік.

Өз кезегінде тартысқа толы өткен жарыстың жабылу салтанатына бірқатар құрметті қонақтар қатысты. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері - Ермахан Ибраимов, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионы - Ердос Жаңабергенов, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Жасөспірімдер арасындағы бас бапкердің көмекшісі - Талғат Әліпбеков және басқалары.

Халықаралық турнир аясында аудандық Мәдениет үйінде спорт саласының әлемге әйгілі майталмандарымен кездесу де өтті.

Шара барысында жиналған жұрт әлемдік додалардың жеңімпаздарына өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.

Қазақ боксының үздіктері өздерінің жетістікке жету жолындағы бастан кешкен қызықты сәттері мен жастарды спортқа баулудың маңыздылығы туралы айтты.

Қызығы сол, кездесу соңына қарай құрметті қонақтар 2022 жылы Ұлан спорт мектебінің мерейтойына әзірленген «Ғасыр қолтаңбасы» кітабына естелік қолтаңбаларын қойды. Сондай-ақ қатысушылар мен қонақтар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Абай өлеңдерін оқу челлендж-эстафетасын еліміздің барлық спорт мектептеріне жолдады.

Тағы бір айта кетерлігі, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Құрмет грамотасымен, медальдармен, ақшалы сыйлықтармен, чемпион спортшылар статуэткалармен, олардың жаттықтырушылары естелік медальдармен марапатталды. Құрметті қонақтарға да естелік медальдар табысталды.