Тарихы осыдан тұп-тура жарты ғасыр бұрын, сонау 1967 жылы басталған, бауырынан талай өнер саңлақтары түлеп ұшқан Сағидолла Мұқашев атындағы Бозанбай ауылдық Мәдениет үйінің ашылғанына биыл 50 жыл толды. Халықты мәдениетпен сусындатқан өнер ордасының жартығасырлық мерейтойы қарашаның 24 жұлдызына дөп келді. Ұлан ауданының өнер ошағына айналған Мәдениет үйінің жарты ғасырлық мерейтойы еліміздің мәдениет қайраткерлерін, асқақ өнер иелері мен атқа мінсе – жерден, таққа отырса – елден алыстамайтын өнер жанашырларының басын қосты…
Рухани орда, қара шаңырақ
Ширек ғасыр кеңестік кезеңнің қиын сынынан өтіп, кейінгі жиырма бес жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыруына атсалысып келе жатқан мәдениет ошағы талай сынақ жылдарды басынан өткізді. Мәдениет үйі ашылғаннан бері оның сахнасынан әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би кеткен емес. Ұлан ауданының рухани ордасына айналған аталмыш Мәдениет үйінен жалғыз шығыс өңірі ғана емес, бүкіл елімізге танымал талай өнер саңлақтары өнер әлеміне қанат қаққан. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, жарты ғасырлық уақытта бұл Мәдениет үйінде бірнеше буын өнер өкілдері жұмыс жасап, халықты өнерлерімен сусындата білді. Осыдан болар, мерекеде бас қосқан оларға деген қалың қауымның ықылас-құрметінің ерекше болғаны…
– Бүгінгі күн біз үшін ерекше күн, – деді мереке барысында сөз сөйлеген Бозанбай ауылдық округінің әкімі Санат Бустакбаев. – Өйткені бүгінгі мерейтойға осы Мәдениет үйінде қызмет еткен бірнеше буын өкілдері қатысып отыр. Тағдырларын ауылымыздың Мәдениет үйімен тығыз байланыстырып, зейнеткерлікке шықса да талмай еңбек етіп келе жатқан жерлестеріме айтар алғысым шексіз. Бүгінгі күн өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, болашақты бағдарлайтын күн. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бүгінгі мерекелік шараға еліміздің түкпір-түкпірінен осы Мәдениет үйіне еңбек сіңірген өнер иелерін арнайы шақырдық. Шараның ұйымдастырылуына Ұлан ауданының кәсіпкер азаматтары мен жергілікті әкімдік мұрындық болып, біркісідей көтеріп алды. Бұдан басқа мерейтой аясында Бозанбай ауылында волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат-дойбы сияқты спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ауданымыздағы 16 ауылдық округтен спортшылар өзара бақ сынасты.
Шеткері қалған жоқ
Киелі Бозанбайдың кең керегелі ордасында өткен мерекелік шара барысында бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген ұландық кәсіпкерлер жиналып, торқалы тойы өтіп жатқан өнер ордасына сыйлықтарын табыстады.
– Ауданымыздан шыққан кәсіпкер азаматтарға Мәдениет үйінің елу жылдық мерейтойын бір адамдай көтеріп, жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болайық дедім, – дейді «КазЛидер» холдингінің директоры Марат Мұзапаров. – Алматы, Астана, Көкшетау қалаларында тұратын кәсіпкер азаматтарымыз қолұшын созып, ақшалай көмек көрсетті. Мәдениет үйіне музыкалық аспаптар мен сахналық киім-кешектер керек екенін біліп, осы жағынан көмек көрсетуді ұйғардық.
Жалпы өткен мерейтой жалғыз ел алдына шығып ән салған әншілер мен мың бұралған бишілердің ғана емес, сондай-ақ осы қара шаңырақтың тазалығын сақтап, отын жаққан қамту қызметкерлерінің, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен күзетшілердің, жүргізушілердің және әртістердің киіміне жауап берген костюмер мамандардың да мерекесі еді. Осы орайда, шараға бас демеушілік жасаған кәсіпкер Марат Өмірбекұлы Бозанбай ауылдық Мәдениет үйінде көп жылдар бойы костюмер маман болып, зейнетке шыққан Сырғалы Айтқазинаға арнайы грамота тапсырып, ақшалай сыйақысын табыстады.
Бірнеше буын бекіді
– 1967 жылы осы Мәдениет үйі пайдалануға берілді, – дейді көп жылдар бойы аталған мәдениет ошағын басқарып келген азамат Құмырзақ Кесікбаев. – Сол кезде ауданды Орал Малдыбаев есімді азамат басқаратын. Бірде ол «1964 жылы Ұлан ауданы Тавриядан бөлініп жеке аудан болғанда қабылдап алдым. Қарасам не бір Мәдениет үйі, не бір ауызға алар ғимараттар жоқ екен. Сұрайын десем анау да, мынау да ақша жоқ екендігін айтады. Ұланның атақты азаматтары мен ақсақалдарын жинап алып, жоғарғы кеңеске хат жазып, осы Мәдениет үйін салдырып едім» деген еді. Бүгінгі шарада сол Орал Малдыбаев ақсақалды бір есімізге алып қойсақ артық болмас. Енді сол Мәдениет үйіне алғаш басшылық жасаған Сағидолла Мұқашев есімді ағамыз болды. Сол кезде жаңадан қаз тұрған мәдениет ошағына келіп жұмысын бастаған Тұрған Мұқашева, Ұлжан Қонысбекова, Әмірбай Наурызбайұлы, Борис Андреевич, киімімізді тігіп, сахнамызды әрлеп берген Сырғалы апайымыз да бүгін, міне, осында.
Сағидолла Мұқашев атындағы Бозанбай ауылдық Мәдениет үйінде 42 жыл қызмет атқарған Құмырзақ Кесікбаев, 1971 жылдан бастап мұндағы халық театрының режиссері болған.
– Сол кезде біз драматургі жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», татар драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн», белорус драматургі Георгий Макаеноктың «Трибунал» сынды қойылымдарын қалың көрерменге ұсындық, — дейді Құмырзақ Қалелұлы. – Менің жетекшілігімде болған халық театрының әртістері Шығыс Қазақстан, Семей және Павлодар өңірлерін аралады. Осы қара шаңырақтың халық театры Одақтық халық театрлары байқауының бес дүркін лауреаты атанды. Елу жылда бұл мәдениет үйінің сахнасы бос қалып көрген жоқ. Халық арасынан шыққан көркемөнерпаздар әртүрлі шығармашылық топтар мен хорлар құрып, ән шырқайтын. Тұрған Мұқашева алғашқы эстрадалық би ансамблін құрды. Әмірбай Наурызбайұлы, Аманкелді Шәріпов, Ерлік Абаев, Сәрсембай Зарқұмов сынды азаматтар сол ансамбльдің әртістері болды. Міне, солар күндіз басқа жұмыста, кешкісін осында бас қосатын нағыз әртістер еді. Дегенмен, бұл жалын әлі де саябырсыған емес. Мәдениет үйі әлі де өмір сүруде, бұдан әрі де өмір сүреді деп ойлаймын.
Ұлылық ұмыт қалмайды
Бұрынғы аудан әкімі, бүгінде облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жаңабай Әшімов салтанатты шара барысында ғұмырының қырық жылын өнерге арнаған Құмырзақ ақсақалдың иығына шапан жауып, басына тымақ кигізді.
– Сағидолла Мұқашев атындағы Мәдениет үйінің іргесін қаласып, алғашқылардың бірі болып сахнасында өнер көрсеткен қауымға «Мерекелеріңіз құтты болсын!» деп айтқым келеді, – деді сөз кезегі берілген Жаңабай Түкеұлы. – Халқымыз «әні бар елдің, сәні бар» деп айтады. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз мәйегі осы тұсқа сай келеді десем – артық айтпаған болармын. Бұл Мәдениет үйінде ән салып, киелі сахнасында ойнамаған өнерлі ұландықтар кемде-кем. 1989 жылы осы Мәдениет үйі ұжымының сол кездегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында өнер көрсеткеніне өзім куә болдым. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қаншама қиыншылық көрсе де мойымаған Құмырзақ ағамыз осы Мәдениет үйін сақтап қалды.
– Атамыздың есімі берілген мәдениет үйінің елу жылдығын тойлап, жан-жақтан қолдау білдіріп жатқан қалың қауымға айтар алғысым шексіз, – дейді Сағидолла Мұқашевтің немересі Әсем Қазыбаева. – Біз де ата жолынан ада қалған емеспіз. Балалары, немерелері, шөберелері болып барлығымыз өнерге жақынбыз. Ән-күй десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Атамыздың есімін мәңгіге қалдырған мәдениет жанашырларына, өнер майталмандары мен ардагерлерге, ауылдастарымызға айтар рахметіміз шексіз.
Әр тарап, әр кезеңнен
Бозанбайда өткен мерекелік шараның шымылдығын дәстүрлі әннің дарабозы, республикалық «Үкілі домбыра» байқауының жүлдегері Амангелді Смағұлов «Елу жылдыққа арнау» әнімен ашты. Сондай-ақ, бұл кешке дүлдүл әншілер мен домбырасының көмейі күмбірлеген күйшілер, мың бұралған бишілер де жан-жақтан тартылды. Солардың бірі шараға арнайы шақыртумен келген Бозанбай ауылының тумасы, бүгінде Астана қаласындағы филармония әншісі Естай Мұқашев болды. Сахнаға бірінен соң бірі әр жылдары Бозанбай Мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсеткен буын өкілдері шығып жатты. Атап айтсақ, сонау 1970 жылдары осы шаңырақта еңбек еткен Тұрған, Ұлжан апайлар, Қатипа Мүлкібаева, Бақыт Тоқтарова, Ерболат Сәдуақасов, Жомарт Әміренов, Тамара Аханқызы сынды мәдениет ардагерлері бірінші кезекте шықса, кейінгі буын, яғни өткен ғасырдың 80-90 жылдары өнер көрсеткен «Бескөл» халықтық-фольклорлық ансамблінің алғашқы құрамында болған Айгүл, Болат Абдрахмановтар, Мәрия Қалиева, Гуля Касенова, Нұртай Тлеужан мен басқа да әншілер сахнада өз өнерлерін паш етті.
– Бозанбай ауылы 1997 жылға дейін Ұлан ауданының орталығы болды, – дейді Ұлан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Болатбек Мамарбаев. – Бүгін міне аудандағы мәдениеттің қара шаңырағы саналатын Бозанбай ауылдық Мәдениет үйінің елу жылдық мерейтойы аталып өтуде. Елу жыл адам өмірі үшін қас қағым сәт болар, бірақ өнер үшін бұл бүтін бір дәуір десе де болады. Осы өнер ордасынан сусындаған азаматтар бүгін еліміздің әр түкпірінен тартылып, мәдениет үйінің әрі қарай да өмір сүруіне үлестерін қосып жатыр. Бүгін әртүрлі спорттық жарыстармен қатар салтанатты жиын, Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан соғыс ардагерлері Мемориалындағы жиын, гүл шоғын қою рәсімдері өтеді. Сондай-ақ, ауылдық мешітте марқұм болған өнер адамдарының рухына бағышталып Құран оқылып, ас беріледі.
Ұлан ауданындағы мәдениеттің қайнар көзі саналатын Сағидолла Мұқашев атындағы Бозанбай ауылдық Мәдениет үйінің жартығасырлық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Қара шаңыраққа жиналған қалың жұртшылық бұл күні сахнада жүрген жерлестерінің өнерін тағы бір рет тамашалап, көңілдері марқайып, серпіліп қалды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ