Қасым Қайсенов кентінде 2005-2006 және 2007 жылдары туған жасөспірімдер арасында Жастар жылы аясында және ҚазКСР спорт шебері Бақыт Аделбаевты еске алуға арналған еркін күрестен III облыстық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл аталмыш додаға ұландықтардан бөлек, Өскемен, Алтай, Риддер, Шемонаиха қалаларынан және Жарма, Бесқарағай, Тарбағатай аудандарынан қатысушылар келді. Ұзын-ырғасы 90-ға жуық спортшы 10 салмақ дәрежесінде өз мүмкіндіктерін байқады. Әсіресе жеңіл салмақтағы спортшылардың өзіндік техникасы мен шалт қимылдары жанкүйерлерді сүйсінтпей қоймады. Нәтижесінде бозкілем қожайындары үш алтын, екі күміс және үш қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Нақтырақ айтсақ, 38 келіде Мадияр Баубеков, 44 келіде Нұртай Дікенов, 62 келіде Ерсін Сахариев топ жарды. Күміс медаль 44 келіде белдескен Олжас Шакировке, 85 келі салмақтағы Әлижан Әшімовқа бұйырса, үздік үштікті 38 келі салмақта Бауыржан Асланов, 62 келіде Айдар Бақытбеков және 75 келі дәрежесіндегі Арнұр Төкешов түйіндеді. Одан бөлек, жалпыкомандалық есепте Тарбағатай ауданы екінші орын алса, бесқарағайлықтар жүлдегерлер үштігін қорытындылады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар, атаулы медальдар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Жекелей аталымдар бойынша: «Үздік әдісі үшін» Ернар Аманғазин (Тарбағатай ауданы), «Жеңіске деген жігері үшін» Ерсін Сахариев (Ұлан ауданы), «Ең жас палуан» Шарип Нұрдар (Жарма ауданы), «Үздік техникасы үшін» Аслан Шаяхметов (Бесқарағай ауданы) марапатталды. Турнирді өткізуге мұрындық болған Бақыт Аделбаевтың отбасын, сыныптастарын және Ұлан ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымын айта кеткен орынды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ