Бос жүрген 140 бастан аса ірі қара мал айыппұл тұрағына айдап апарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1 қараша күні аудандық полиция бөліміне Аблакет ауылдық округінің әкімі хабарласып, Бестерек ауылының маңында қараусыз жайылған сиырлар жүргендігін айтқан.
Тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерімен бірге 143 бас ірі қараны мал айдау учаскелерінің біріне апарған. Артынан тұраққа әкелінген зеңгі баба тұқымының 11 иесі анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, атқарылған жұмыстар аясында облыста 262 мал тұрағы ұйымдастырылған. Жыл басынан бері айыппұл тұрақтарына 5 мыңға жуық мал басы айдалып апарылды.
– Қабылданған шаралар облыс бойынша төрт-түлікке қатысты ұрлықтың төмендеуіне әкелді. Тоғыз айдың ішінде 230 мал ұрлығы оқиғасы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға кеміген. Одан басқа малды қағып кету бойынша тіркелген жол-көлік оқиғалары да сақтық шараларын одан ары күшейтуді көздейді. Жыл басынан бері облыста мұндай үш оқиға тіркеліп, бірнеше адам зардап шекті, – деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ