Ұлан ауданында өртенген үйдің ішінде ес-түссіз жатып қалған әйелді көршісі ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Оқиға Пролетарка ауылында орын алды. Түскі ас әзірлеп болған 44 жастағы келіншек 4 жасар баласымен ұйықтап қалған. Өртті алғаш байқаған бүлдіршін анасын оятады. Баласын терезе арқылы шығарып үлгерген әйел өзі тілсіз жаудың шырмауында қалып қойды.
Ашық терезенің әсерінен от одан әрі өрши түсіп, түтіннің иісінен есін жоғалтқан. Сол сәтте көршісі Алексей Шрамов үйге кіріп кішкентай қыздың анасын алып шыққан.
Әйел адамды дереу аудандық аурухананың токсикология бөліміне жеткізген. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың денсаулық жағдайы ауыр.
– Жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімі 20 шақырым жердегі Таврия ауылында орналасқан. Өрт сөндірушілер келгенше үй толық отқа оранған еді. 135 шаршы метр жалынды ауыздықтауға екі сағат уақыт кетті, – деді Ұлан аудандық өрт сөндіру бөлімінің инженері Ерасыл Кадирбеков.
Қазіргі уақытта қыз бала әкесінің қасында. Екеуі көршілерінің үйіне уақытша тұрақтаған.