Ұлан ауданында өсіріліп жатқан бекіре тұқымдас балықтар жақын жылдары нарыққа шықпақ

907
көрілім

Шығыс Қазақстан экономикасын әртараптандыру арқылы ғаламдық дағдарыспен барынша күресіп келеді. Басты назар өңір экономикасын алға сүйрейтін бағыттарға аударылуда. Бұл тек өндіріс пен металлургия саласы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығының маңызды саласы саналатын балық шаруашылығы. Мемлекеттік қолдау мен ауа райының қолайлылығы бүгінде аймақта балық шаруашылығын дамытып, өнімдерін Қазақстан мен шетелдік нарыққа шығаруға жағдай жасап отыр. Осындай бастамалардың бірін қолға алған «Ost Fish» ЖШС-і бүгінгі таңда Ұлан ауданының Саратовка ауылындағы шаруашылықта бекіре тұқымдас балықтарды өсіре бастады. Жылына 45 тонна тауарлы балық пен 4 тонна қара уылдырық өндіруді жоспарлаған шаруашылық алдағы уақытта өз өнімдерімен ел нарығын жауламақ ниетте, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жоспар жүзеге асты!

Бекіре тұқымдас балық өсіруді қолға алған «Ost Fish» ЖШС-і жылына 45 тонна тауарлы балық өндіруге 2018 жылдың соңына қол жеткізбек. Тағы төрт жылдан соң, яғни 2022 жылы Шығыс Қазақстанда алғашқы болып жылына 4 тонна қара уылдырық өндіре бастамақ. Бірнеше жыл бұрын құрылысы қолға алынып, бүгінде жұмысы жолға қойылған шаруашылықта бекіре тұқымдас балығының сібір бекіресі, орыс бекіресі, шоқыр (стерлядь), бестер гибриді (ақсерке (белуга) және шоқыр (стерлядь) балықтары) сияқты төрт түрі өсіріледі.

Каспий теңізінің жағалауындағы қалаларды алмағанда Қарағанды мен Жамбыл облыстары ғана қолға алған жобаны біздің өңірде «Ost Fish» ЖШС-і алғашқы болып бастады. Кеңестік кезеңде бұл жоба Күршім ауданындағы балық тәлімбағында іске асырылмақ болғанымен, әрекет сәтсіздікке ұшыраған еді. Ал ширек ғасыр уақыт өткен соң бұл жоба Ұлан ауданының Саратовка ауылында жүзеге асты. 2016 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан қолдау тапқан жобаға сумен жабық қамтамасыз ету құрылғылары сатып алынды.

Жыл бойы ішінде өзіндік климаты сақталатын шаруашылық нысанына екі миллион теңгеге таяу қаражат құйылды. Кәсіпкерлік өкілдерінің айтуынша, Алматы облысынан әкелінген балық шабақтары алдағы уақытта Ресейден әкелінетін шабақтармен толыға түспек.

Біздің мекеме жылына 45 тонна тауарлық балық пен 4 тонна қара уылдырық шығарады, – дейді «OST fish» ЖШС-нің техник маманы Айдар Халелов. – Балық салмағы 800 граммнан бір жарым келіге жеткен кезде тауарлық балыққа айналады. Зауыт ішіндегі бассейндерде бір уақытта үш тоннаға дейін балықты асыралады. Бекіре балығын өсіру үшін құрылғыларды Латвиядан әкелдік. Алдағы уақытта тауарлы балықтың бір бөлігін сыртқа экспорттап, бір бөлігі ішкі нарыққа, яғни өңіріміздің мейрамханалары мен дүкендерінде сатуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет тарапынан балық жеміне субсидия алып, оны Еуропадан жеткіземіз, өйткені ол жақтан әкелінетін жем амин қышқылы мен әртүрлі дәрумендерге өте бай болып келеді.

Ерекше қамқорлық қажет

Бұл кәсіпорында жұмыс істегеніме көп болған жоқ, – дейді сумен жабық қамтамасыз ету құрылғыларының операторы Александр Ветчинников. – Негізгі міндетім – балыққа берілетін тамақтың нормасы мен уақытын бақылау. Сонымен қатар барлық құрылғылар автоматтандырылған. Оларды да бақылап отыру да менің міндетіме кіреді.

Александр Ветчинников жасанды жолмен өсірілген бекіре балықты көрсетуде

Шағын зауыттың балық өсіретін әр бассейндегі су көлемінің 40 текше метрді құрайтынын айтқан ол шаруашылықтың бір корпусындағы осындай он бассейінде бір уақытта 400 текше метр су айналымда болатынын алға тартты.

Сонымен қатар кіші залдағы әрбір бассейндегі су көлемі 10 текше метрден, – дейді маман. – Бассейндердегі су ешқайда төгілмей, айналымда болады, себебі біз бұл бассейндерге жерасты суын құямыз. Ал жерасты суының ешқандай пайдалы заттармен байытылмаған өлі су екенін өздеріңіз білесіздер. Су жер бетіне шығарылған соң арнайы биосүзгіштен өткізіп, қажетті бактериялармен байытамыз. Оттегі беріліп, озондалады. Қажетті бактериялар беріліп, қажетсіз бактериялар залалсыздандырылады.

Негізгі қолдау…

Аталмыш жоба 2016 жылы Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген болатын, – дейді Ұлан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов. – Бүгінгі күні шаруашылықтың үш модулінің екеуінде балық өсіріліп жатыр. Бұл жобаға 1 миллиард 800 миллион теңгенің көлемінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы қаржы құйылды.

Құрылғылардың лизинг арқылы әкелінгенін алға тартақан бөлім басшысы оның еуропа елдерінен жеткізілгенін айтады.

Тартылған инвестицияның 70 пайыздан астамын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы бөліп отыр, – дейді Әділбек Кенжебекұлы. – Мұнда 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Бұл межеге қазіргі таңда жеттік. Болашағы зор кәсіпорын болғандықтан алдағы уақытта Ұлан ауданында өсірілген бекіре балықтарының етін және уылдырығын өңірімізбен қатар еліміздің нарығына шығарамыз деген ойдамын. Сондай-ақ, біз осы жобалармен ғана тоқтап қалмай, аталмыш бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз. Атап айтсақ, биылғы жылы Қазақстанның индустрияландыру картасына Ұлан ауданы бойынша»Минерал-Добыча» ЖШС-і кірді. Бұл кәсіпорын Таврия ауылының маңында жылына 10 мың текше метр көлемінде гранит тасын өндірмек. 500 миллион теңге көлемінде қаржы енгізілуі жоспарланған жоба келесі жылдан бастап жұмысын жолға қояды. Дегенмен, ол мекеме қазір де босқа отырмай, болашақ кен орнындағы жерасты қазба байлықтарын зерттеп, зерделеп жатыр.

***

Бекіре өсіріп, бақуатты өмір сүруді мақсат тұтқан кәсіпкерлер осылайша мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсіптерін өрге дөңгелетуде. Болашағы бар балық шаруашылығы алдағы уақытта Ұлан ауданының қазынасын қаржымен толтырып, жергілікті жердегі жұмыссыздар санын азайта түспек. Ендеше іске сәт!

Азамат ТЕМІРБЕКОВ