Ұлан ауданында өткен жылы алға қойылған жоспарлар қаншалықты орындалды?

5246
көрілім
Шартты фотосурет

Ұландықтар аудан әлеуетін арттырып, тұрғындар өмірінің сапасын жақсарту мақсатында биыл қандай жұмыстар қолға алынғандығы жөнінде жиі хабарласуда. Оған қоса өткен жылы Өскемендегі брифингіде аудан басшысы Нұрымбет Сақтағанов 2019 жылды қорытындылап, келер жылдың жоспарын да жария еткен еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жаңа пәтер желтоқсанда берілмек

Аудан басшысы биыл тұрғындардан сүт жинау көлемін 10,2 мың тоннаға жеткізу жоспарланғанына мәлімдеген болатын. Қазір аудандағы сүт жинау пунктінің саны – 13. Қазан айына дейін жоспардың 90%-ы орындалған екен. Нақты айтсақ, 2711 бас сауын сиырдан 9129 тонна сүт сауылған. Бір литрі орташа бағамен 80 теңгеден сатып алынса, жоспарды орындау мақсатында Бозанбай мен Тарғын ауылдық округтерінде екі сүт қабылдау пункттері ашылыпты.

«Алебастар» су қоймасында қайта жөндеу жұмыстары басталады делінген болатын.

– Ұлан (Алебастар) өзеніндегі су қоймасының жағдайы қанағаттанарлық. Қайта жөндеу жұмыстары биыл жүргізілмеді. Су қоймасын қайта жаңартуға бюджеттік өтінім есеп комиссиясының қарауына берілді, – деген аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Алмасай және Айыртау ауылдық округтеріне суару жүйесі орнатылмағандығын алға жеткізді.

Нұрымбет Аманұлының былтырғы жоспарында қос ауылға суару жүйесін орнату да айтылған-ды. Белгісіз себептермен биыл қолға алынбапты. Екі 40 пәтерлік және бір 80 пәтерлік бір үйдің құрылысы аяқталып, 40 пәтерлік жалдамалы екі тұрғын үйдің құрылысы басталуы тиіс еді. Белгілі болғандай, Қасым Қайсенов кентінде салынып жатқан екі 40 пәтерлік және бір 80 пәтерлік тұрғын үй әлі қолданысқа берілмеген. Десе де алғашқысы жыл бітпей, 15 желтоқсанда, ал 80 пәтерлік тұрғын үй бірінші желтоқсанда өз иелерін таппақ. Ауызсу жүйесінің құрылысы бойынша да нақты жұмыстардың шеті шығып келе жатқандығы айтылды.

30 ауылдың қуанышы

– Ауданда былтыр басталған Герасимовка, Тарғын ауылдарында сумен жабдықтау желілері мен ғимарат құрылыстарын жалғастыру үшін биыл 560687,0 мың теңге бөлінді. Герасимовка ауылының сумен жабдықтау желілері құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланса, Тарғындағы су жүйелерінің құрылысын 27 қарашада аяқтау көзделген. Сондай-ақ Жанұзақ, Ақтөбе және Белогор ауылдарында блокты-модульдік станция орнатуға 31500 теңге бөлініп, құрылыс жүргізілді, – дейді аудан басшылығындағылар.

Тарғын ауылындағы су жүйесінің құрылысы жыл бітпей аяқталса, одан кейін Ұландағы 30 ауыл немесе 67%-ы таза сумен қамтылмақ. Бөлім басшысы осыны сенім білдіре жеткізді. Әрине, жоспар реттілігін сақтап, жұмыс уақтылы орындалса 30 ауыл үшін қуаныш болары сөзсіз.

Бұған қоса, Герасимовка ауылындағы электр желісін қайта жаңарту жұмысы басталуы тиіс-тін. Жауапты тұлғалар «Жұмыспен қамту Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында аудандағы электр желілерін қайта жаңарту жұмыстарына 261,550,4 мың теңге бөлінгендігін мәлімдеді. Қазір аталған жұмыс мәресіне жетіп, электр желісі іске қосылып жатқан көрінеді.

Балалар үшін зор қуаныш болар деп үміттендік. Себебі аудан басшысының былтырғы жоспарында Қасым Қайсенов кентінде демеушілік қаражат есебінен балалар музыка мектебінің құрылысын бастау болған еді. Бөлім басшысының сөзінше, құрылыстың жалпы сметалық құны 458,975 мың теңге болған. Құрылыс мерзімі 2022-21 жылдарға жоспарланғанмен, демеушілік және бюджеттен бөлінген қаражаттың болмауынан өнер мектебінің құрылысы әлі басталмапты.