Ұлан ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін балабақша ашылмақ

638
көрілім
Шартты фотосурет - 24.kz

Бүлдіршіндерді тәулік бойына қабылдайтын балабақша Ұлан ауданына қарасты Айыртау ауылында ашылмақ. Балабақша қазірден бастап қабылдауды бастап кетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Айыртау ауылында 2012 жылдан бері "Балдәурен" балабақшасы жұмыс істеп келеді. Биыл мектепке дейінгі мекеме директоры жаңаша тәжірибеге көшіп көруге бел байлаған. Ол Өскемен қаласынан 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер тобын жинап, тәулік бойы балабақшада тәрбиелеуді қолға алмақшы.

– Балдырғандарды балабақшаға жеткізумен өзім айналысатын боламын. Ата-аналарға сәбилерін біздің тәуліктік балабақшада дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта қалдыруды ұсынбақшымын, – дейді "Балдәурен" балабақшасының директоры Сұлухан Ағзамова. – Егер, ата-аналардың баласын жұмыстан кейін алып кетуге мүмкіндіктері болса, әрине, балғынды үйіне қайтарамыз. Егер ата-ананың баланы күнделікті алып кетуге мүмкіндігі болмаса біздің балабақшамызда қала береді.

Айта кетейік, Айыртау Өскемен қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан.