Ұлан аудандық білім бөлімі биыл игі бастаманы қолға алып, Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында мектеп түлектері мен ата-аналарына психологиялық көмек көрсетуге бағытталған акция өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
"Акцияның басты мақсаты – оқушылар мен ата-аналардың және ұстаздардың ҰБТ алдындағы психологиялық дайындықтарын арттырып, функционалдық сауаттылығын арттыру болып табылды", -деп жазады аудан әкімінің ресми сайты.
Акцияға аудан мектептері түлектерінің 200-ден аса ата-аналары қатысты. Мектеп әкімшіліктері психолог мұғалімдермен бірлесіп түлектердің ата-аналарымен және педагогтармен тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізді. Түлектер үшін ҰБТ тапсырудың мәні мен емтиханды сәтті тапсырудағы әрбір түлектің рөлін ашатын психологиялық тренингтер, психотехникалық және медиативті жаттығулар өткізілді.
Білім беру ұйымының психологтары оқушылар мен ата-аналарға жеке кеңестер өткізді.
Акция қорытындысы бойынша қатысушыларға қорытынды аттестациялау кезінде психологиялық көмек көрсету бойынша жадынамалар мен кітапшалар таратылды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ