Ұлан ауданындағы Алмасай ауылдық округінде алда қандай өзгерістер күтіледі?

197
көрілім

Ұлан ауданына қарасты Аламасай ауылы қазір қыс алдындағы тыныштыққа мүлгіп, тұрғындар бірқалыпты тірлік кешіп жатыр. Соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі», «Бизнес-бастау» жобалары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып, тиісті қаржы өз бағытымен жұмсалуда. Алмасай ауылдық округі бойынша нақты қандай өзгерістер болып жатқанын округ басшысы Саят Туарбаев айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жет көшенің жолы жөнделді

Негізі жауапты тұлғалар округтегі абаттандыру жұмысы бойынша мәліметті дайындап қойған екен. Әйтсе де болып жатқан өзгерістер мен атқарылған жұмыстар жайлы Саят Абылқайырұлы өткенге көз жүгірте отырып айта бастады. Алдымен Баяш Өтепов ауылына тоқталды. Айтуынша, шешімін таппаған мәселелер көп, онымен қоса тұрғындар саны біршама азайған.

– Шұңқырда орналасқан елдімекен. Интернет жылдамдығы төмен, байланыс нашар. Тұрғындар саны – 350 адамнан асады, 100 үй бар. Тоғыз жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Кіреберісте салынған көпірге де көп жылдың жүзі болды. Қар түскенге дейін төте жолмен жүреміз, 12 шақырым, – деді Саят Туарбеков.

Әрі қарай осы округке қарасты түрлі бағыттар бойынша жұмысқа тоқталды. Алмасайда жеті көше асфальтталды. Алдымен алты көше қамтылып (Т.Тоқтаров, Барақ батыр, Х.Байтиков, Абай, Р.Қыдырменов, Т.Нұрсейілов), бұған 65 миллион теңге жұмсалды. Жұмыс аяқталған соң үнемделген қаржыға тағы бір көшеге тасжол төселіп, үш көшеге жарық тартылды. «Ауыз су» бағдарламасы аясында Баяш Өтепов ауылында 50 миллион теңгеге үш-үштен құдығы орналасқан екі блок-модульді станция салынды. Әкім кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің қолдауын ерекше атап өтті. «Азаматтар ауызбіршілік танытса кез келген шара өз деңгейінде өтеді» деді. Соңғы жылдары ауыл маңына қоқысты заңсыз төгу жағдайлары жиілепті. Округ әкімдігі мұны бақылауға алып, тазартқан. Су қоймасы қалпына келтірілді.

– Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасы бойынша шағын ауылдарға медпункт салу күн тәртібіне қойылған. Бұл жерде Сарыөзек ауылын мысал етіп отырмыз. Бұл үшін 25 сотық жері беріліп жатыр, күн кеше мамандар нақты орнын сұрап, тоқ тартып бастауға ниет білдірді, – деді Саят Абылқайырұлы. – Қозғалыс байқалады. Амандық болса, 2023 жылы Сарыөзек ауылында медпункт іргесі қаланады. Медбике келіп, жұмыс орны ашылады. Күре жолдағы жөндеу толық тәмамдалмауына сәйкес ауыл атауы жазылған тақтайша әлі қойылмады. Жол жөндеуге жауапты мамандар жұмыс аяқталса мұны біржақты етеді. Тұрғындар да облыстық басқарма өкілдеріне шығып, белгі қою жағын сұрады.

Күре жолдан Сарыөзекке бұрылар тұс әкімдіктегілердің назарында. Себебі, асфальтқа жол қозғалысына арналған жолақ салынған соң оңтайлы бұрылыс салу мәселесі мен белгілер қою жұмысы бар.

Медпунктке баса мән берілді

Қуанарлығы сол, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт жағдайы жақсы. Қазір әкімдік орныққан ғимаратта жұмысын жалғастырып отыр. Осыған толығырақ тоқталмас бұрын, Саят Туарбеков барлығы қалай басталғандығына тоқталдық.

– ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер былтыр осы екі ғимаратты сатып алып беріп, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлді. Ол сомма негізінен әкімдікке арналған, алайда ФАП жағдайы да көпшілікті алаңдатып тұрған. Бастапқыда әкімдік орналасқан ғимараттың сырты мен шатырын жөндеуге ақша бөлінген еді. Ақыры «біз осы қалпы тұра береміз» деп, қаржының жартысын сол жаққа бағыттадық, – деді округ әкімі. – Қазіргі уақытта бір акушер-гинеколог пен медбике жұмыс істеп жатыр. Терапевт маман Қасым Қайсенов кентінде.

Сайып келгенде, Алмасай ауылы бойынша жоғарыда жазылған көшелерді жарықтандыру жұмысына 9 миллион 230 мың теңге жұмсалыпты. С.Оспанов, Т.Тоқтаров және Х.Байтиков көшелері қамтылды. Ал ұзындығы 2,6 шақырымға созылған ауыл көшелерін асфальттау бойынша кеткен қаржы көлемі – тура 65 миллион теңге. Округ әкімі аталған соммадан қаражат үнемделді деп еді, ол Қабанбай батыр көшесіне жұмсалды. Ұзындығы 560 метр болатын көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 12 миллион 193 мың 33 теңге кеткен.

Жұрт Мәдениет үйінен үмітті

Орындалған жұмыс пен шешімін таппаған мәселелер де әркез назарда. Соның бірі – Мәдениет үйінің жоқтығы.

– Ауылымыздағы ең маңызды тақырыптардың бірі. Бұрынғы ғимараты қолдан-қолға өтіп, бастапқы реңінен баяғыда-ақ айырылған. Өткенде аудан әкімі Ренат Тілеуханұлымен сөйлесіп, қолданысқа енгізудің тетіктерін қарастырдық. Клуб ғимаратын сатып алып, жөндеуге келмейді. Апатты жағдайда тұр. Қазір біз оны сатып алғанның өзінде жөндеуге үш есе көп қаржы жұмсалғалы тұр. Шешімі бар, бірақ аудан бюджетін де ескеруіміз керек. Мүмкін облыстан қолдау тауып қалар, – деді Саят Туарбеков.

Осыны айтты да ауылда той-томалақ, туған күн, ас беру сияқты науқандар өтетін дәмханаға тоқталды. Кейбірі қатымхана деп айтады. Иелері аталған бір қабатты ғимаратты сатпақ көрінеді. Совхоз кезінде шаруашылық дүкені болған. Сол уақытта жасалған жөндеу мен жылу, су тарту жұмыстары қаз-қалпы сақталыпты. Әкімдік болып соны сатып алса, дайын ғимаратты Мәдениет үйі ретінде қалыпқа келтіру аса қиын емес дейді. Кетеуі кетпеген. Ал ауылдағы барлық мәдени шаралар мен жиындар мектепте өткізіліп келеді. Тұрғындар әсіресе пандемия кезінде қиындық көрген. Адамдарды бет-албаты кіргізбеді, қоғамдық кеңес кезінде ауыл белсенділерінің басын қосу мұң болған.

Балалар бой жазу үшін

Тағы бір түйткіл – Алмасай ауылында балалар алаңқайы жоқ. «Аудан орталығы мен Өскеменге жақын орналасса да осы жағы әлі шешілмей тұр» деген округ әкімі жұмыс кабинетіндегі үстелдің оң жақ басында жатқан бір бума папкаларды көрсетіп, «бұлар сметалық құжаттамалар» деп жымия тіл қатты. Тиісті басқарма мен бөлімдерге жүгініпті. Бастысы, жоспар дайын, барлығы қаржыға келіп тіреліп тұр. Әйтеуір қазір Алмасайдың іші жарық. Биыл Қыдырменов, Абай, Барақ батыр, Б.Садуақасов, Қабдығали Қабдраш көшелерінде жарықтандыру желілеріне жөндеу жүргізілді.

Ақпараттық түсіндіру тобының басшысы да келіп, тұрғындар өтінішіне құлақ түрген. Осы уақытты алып қарасақ, кей мәселелер ертелі-кеш қолға алынып. Ресми мәліметке сәйкес Алмасай ауылдық округі бойынша 87 шаруа қожалығы бар. Кәсіпкерлер мен қожалық иелері мүмкіндіктерінше қолұшын беріп келеді.

– Балалар алаңқайы бойынша әлдебір жұмыс бастау үшін қаражаттың бір шеті көрінуі тиіс. Облыс тарапынан да қаржы сұрадым. Айталық, өңір бойынша барлығы 14 аудан болса, 600-ге жуық ауыл бар. Барлығын бір мезетте қамту мүмкін емес. Мен сұрағанда қала шетіне жақын орналасқанымызды, көшіп келушілердің көбейіп жатқанын, аудан орталығының дәл іргесінде екенімізді алға тартамын, – деді Саят Абылхайырұлы.

Әкім назар аударған бағыттар

Жауапты тұлға қазіргі қызметіне былтыр өткен сайлау нәтижесінде тағайындалды. Өзі осы ауылдың тумасы. Алдымен ауыл мектебінде психолог, сосын Өскемендегі «Дарын» орталығында еңбек етті. Кейін жолдама арқылы Серебрянскіге атбасын бұрады. 2012-2018 жылдар аралығында сол жақтағы Балалар үйінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Кейін Алмасай ауылына қайта аялдаған соң әкімдікте бас маман болып, былтыр сайлау нәтижесінде округ әкімі ретінде сайланды.

– Осы ауылдың тумасы болғандықтан Баяш Өтеповтің де, Сарыөзек ауылының тұрғындарын танимын. Әкім болғалы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына мән бердім. Спорт жағы, жарықтандыру, ауызсу және жол мәселесі қордаланып тұрды. Шешімін таппаған мәселелер бойынша әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Айталық, заң бойынша жаңа Мәдениет үйін салу үшін ауылдағы тұрғындар саны 1000 адамнан асуы керек екен. Бізде 800-ге жуық халық бар, осы талапқа сай келмейміз, – деді Саят Туарбеков.

Тағы бір амал – апатты жағдайда тұрған бұрынғы әкімдік ғимараты бар. Соны сатып алып, кәсіперлер қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, аудан әкімдігіне сатса деп те ойлаған. Дегенмен соңғы жылдары облыс көлеміндегі қуаңшылық алмасайлық кәсіпкерлердің де қалтасын қағып, қазір нақты қадамдар жасауға мүмкіндік бермей отырған көрінеді.

Қарбалас тірлік қамымен Баяш Өтепов ауылындағы Сібе көшесіне жарық тарту мәселесін де облыс деңгейінде көтерген. Сарыөзек ауылында көшелерді жарықтандырып, орташа жөндеу жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп қойған.

Ауылда 3G интернет ұстайды. Көбінің үйінде Wi-fi бар. Жуырда цифрландыру бойынша өкілдер келгенде біртіндеп 4G ғаламторын қостыру жағын алға тартқан. Тұрғындар саны 800 адам екенін айтып, мектепте 150-ге жуық оқушы, жастар қарасы 250-ге жуықтайтынын жеткізді.

Бизнесін бастап жатқандар баршылық

Дәл осындай мәселе Сарыөзекте сақтаулы. Ойпатты жерде орын тепкендіктен тек негізгі күре жол маңында ғана интернет тартады. Ауыл ішінде телефонның ары жағындағы дауыс үзіліп-үзіліп шығады. Ол жақта да әрі кеткенде 3G ұстайды. Баяш Өтепов ауылында мүлде жоқ. Мектепке интернет модемін қойып, ғаламторды қажет еткендер сол жаққа жақындайды.

Тұрғындар өмір сүруін жақсарту үшін мемлекеттік бағдарламаларға да үнемі қатысып отырады. Айтпағымыз кәсіпкерлік бойынша. Мәлім болғандай, «Бастау-бизнес» жобасы бойынша биыл жеті адам оқыпты, соның төртеуі 1200000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. Тиісті құжаттары түгенделген соң кәсіптерін біртіндеп бастап жатыр.

– Бұл жағынан тәжірибеміз бар. Ауылда Гаухар Отарбаева есімді көпбалалы ана бар. Бірнеше жыл бұрын 600 мың теңге грант иеленіп, соған екі сиыр сатып алды. Үш жылдың ішінде 11 басқа жеткізді. Биыл ол кісіге 20 гектар шабындық жер бердік. Ары қарай істі дөңгелетіп әкетуге өзі де қауқарлы. Гүлнұр Әкімбаева есімді көпбалалы ананы да айта кетуге болады. Қазір жұмысын жандандырып отыр. Мүмкіндігі шектеулі тұрғынымыз Төлеген Сәбитовке кірпіш құятын станок алуға қаражат жинастық. Тағы бір азаматымыз Баяш Өтепов ауылында тұрады. Бие сауып, кәсібін жалғастырып келеді, – деді Саят Туарбеков.

Шыны керек, грант алу жағы өзіндік қиындықтарға ие. Ұлан ауданы бойынша жеке кәсіп ашамын деп ниет білдірген көп адамнан алмасайлықтарға мүмкіндік жасау да біршама білгірлікті қажет етеді. Қуанышқа орай, ауылдастары қарбалас жұмысқа кірісіп кеткен. Тағы бір айта кетерлігі, Алмасай жұрты қазіргі уақытта таза ауызсу ішіп отыр. Себебі, осыдан 15 жылдай бұрын орталықтандырылған су құбыры тартылып, ауылдың негізгі бөлігі таза сумен қамтылған.

Екі аудан арасындағы меморандум

Жайылым жағы көп тұрғынның көкейде жүрген сауалы. Ауыл шетіндегі әр жер телімінің өз иесі бар. Саят Абылқайырұлы ауыл шетіне дейін тиіп тұрған 250 гектар аумақты босату бойынша қожалық иесімен сөйлесіп, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Іскер азамат келісім берген көрінеді. Дәл осы түйткіл Баяш Өтепов елдімекенінде де байқалады деді. Сәті түссе қожалық иелері малын айдап, жайлауға бет түзейді.

– Тұрғындар да әбден тарықты. Ешқайда қозғалмай, бір орында мал бағу оңай емес. Былтырдан бері қолға алдық, оған дейін 30 жылдай ешбір жаққа шықпадық. Жер де әбден тозды. Былтыр жылқыны Сандықтасқа айдап, биыл қойлар да жайылымды өзгертті. Кей азаматтар 500-600 басқа дейін қой ұстайды. Жайлау дегенде де маңайда Алмасайдың өз жайылымы жоқ. Біздің жер Глубокое жақта. Осы ретте аудан басшысы Ренат Тілеуханұлымен сөйлесіп, Глубокое ауданы басшылығымен Алмасай ауылдық округі үшін 1500 гектар жер телімін беру бойынша меморандумға қол қоюға қолқа салдым. Алда осы жағына ден қойылмақ, – деді округ әкімі.

Аталған ауылда мешіт бар болғанымен имам жоқ. Бұл да бір шешімін таппай тұрған мәселе. Округ әкімінің сөзінше, осыған дейін ниет етіп келгендер болған, қызметі көпке созылмады. Кейбірі жалақы жағын місе тұтпаған болуы керек, бірі денсаулық жағдайына байланысты кетті. Саят Туарбеков әлдебіреу келіп, осы жағын қолға алса, округ басшылығы мен алмасайлықтар болып қолдауға әзірміз деді. Бәлкім, алдағы уақытта ауылда 4G интернет пайда болар, бәлкім балалар футбол алаңқайы салынып қалар. Әйтеуір, жүрегі жұртым деп соғар азамат тұрғанда мәселелер біртіндеп шешілетіндігіне сенім мол.