2019 жыл бітпей аталмыш аудандағы кей ауылдар ғаламтор желісімен қамтамасыз етіледі деген сөз әлі күнге дейін шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігіндегілер өткен жылдың шілде айында «Өскемен-Самар» тасжолындағы елді мекендер ұялы байланыспен қамтылады деп сендірген еді. Десе де Манат ауылынан хабарласқан сайттың тұрақты оқырмандары айналадағы ақпараттардан бейхабар болып, күні бүгінге алыстағы ағайындармен байланысқа шығу мұң екендігін жеткізді.
– Интернет желісін тартамыз дегендеріне қай уақыт? Жұмыс қолға алынады деген сыбыс әлі де бар, алайда жауапты тұлғалардың нақты іске қашан көшетіндіктері белгісіз. Жоғарғы Тайынты, тасжолдан төмен түссе 38 шақырым жерде Манат, одан әрі Аюды ауылы тұр. Шағын ауыл деуге де келмейді. Тым құрығанда көктем бастала қолға алынса екен, – дейді Манат ауылының тұрғыны Құрманбек Азатов (аты-жөні өзгертілген).
Мұның алдында әкімдіктегілер аталмыш мәселені 2020 жылдың соңына дейін біржақты қылатындықтарын алға тартқан болатын. Нақтырақ айтсақ, «Ұлан ауданы әкімінің аппараты атынан "Қазақтелеком" Акционерлік қоғамының филиалы – Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директорына жəне Өскемен қаласының "Кар-Тел" ЖШС директорына хат жолданған» деген болатын. Дегенмен осы уақытқа дейін өзекті мәселенің мұрты бұзылмағанына көзіміз жеткендей.
Әділхан ЕСІМХАНОВ