Өңірде талай оқушылар үшін қашықтан оқу қорғасындай ауыртпалық әкеліп, тіпті кейбіреулеріне тау-тасты кезіп кетуге түрткі болған. Әрине, қазіргі қарбалас, қым-қуыт қиын кезеңде ЖОО-лар мен өзге де білім ошақтары студенттер мен оқушыларға қашықтан білім беруге мәжбүр. Алайда қашықтан оқудан қашпаған студенттер үшін аймақтағы аудандар мен елді мекендерде қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Білім аламын деп жылдамдығы төмен ғаламтор желісінен көресіні көріп жүрген жастар оқу жылын ойдағыдай аяқтай ала ма? Ұлан ауданының Ізғұтты Айтықов ауылынан хабарласқан оқырмандарымыз да бауыр еті баласының ғаламтор машақатын тартып отырғандықтарын айтып, шағымданған еді. Мәселенің анық-қанығына үңілуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әлі әзірлік сатысында
Мәлім болғандай, ауылдарға интернет желісін тарту үшін облыстық және аудандық қазынадан қаржы бөлінбейді. Демек берілген жауапқа қарап-ақ Ұланнан бөлек, өзге аудандарда да аталған мәселенің аз уақытта шешімін табуы біршама күрделі іс. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындар өтініші негізінде қазіргі уақытта «Өскемен-Самар» тасжолы бойындағы тұрғындар саны 500-ден асатын елді мекендерде ұялы байланыс пен интернет желісін орнату бойынша жұмыстар әзірлік сатысында. Мұндай жауапты аудан әкімдігі Өскемендегі «ҚаР-Тел» ЖШС-ға 2018-2019 жылдары ғаламтор желісі жылдамдығын арттыру бойынша жолдаған хаттарынан соң алған. Аталған мәселе шешімін табуы үшін 2020 жылдың соңына дейін, яғни жыл бітпей жұмыс жоспарына енгізілетін көрінеді.
– Телефон арқылы компьютерге немесе ноутбукқа интернет қосуға болады екен. Солай онлайн байланысқа шығып көріп едік, оқытушының бейнесі қатқан күйі тұрып қалды. Қаладағы топтастары үшін еш қиындықтық келтірмесе де, баламның байланыс жақсы ұстайтын жер іздеп, бірнеше мәрте үйді айналшықтап кететіні бар. Тапсырма берілген екен, соны орындау үшін мүмкіндіктің жоқтығы орасан кедергі, – дейді Айнаш Талдауқызы (аты-жөні өзгертілген).
Расымен де ноутбуктарын арқалап, тапсырма орындауға бекінген жастар аулаларға дейін «сеть» бар жерлерді іздейтініне көз жеткіздік. Баяш Өтепов, Тайынты ауылдарынан да хабарласқан оқырмандарымыз қазіргі жағдайда қашықтан білім алудың бас қатырар мәселеге айналғандығын жеткізді. Тіпті Баяш Өтепов ауылында ұялы телефон байланысы да жоқ болып шықты. Алайда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықовтың айтуынша, студенттер мен оқушылар игілігі үшін тиісті жұмыстар қолға алынуда.
– Бүгінде «ҚаР-Тел» (Билайн) ЖШС және «Қазақтелеком» АҚ 2020 жылдың желтоқсан айында халық саны 250-ден асатын елді мекендерге, соның ішінде Ізғұтты Айтықов ауылында интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасын іске асыруда, – деді ол.
Үш тәсіл арқылы оқуда
Енді ғана қыстай сірескен күпсе қардан құтылып, біртіндеп азан-қазан тірлікке бой алдыра бастаған 695 тұрғыны бар ауылдың ғаламтор желісі жоғарыласа, білім алуға асық жастар қуанышты болар еді. Әу баста ғаламтор тарту үшін облыстық, аудандық бюджеттен қаржы бөлінбейді дегенімізбен аудан мектептеріндегі 261 оқушыға уақытша қолдануға компьютерлер беріліп, 100 отбасыға интернет желісіне қосылғыш құрылғылар алынған. Оқушылар үшін бұл да едәуір сеп екені сөзсіз. Нұрхат Садықовтың сөзінше, аудандағы 31 мектептің 11 сыныпқа дейінгі 4987 оқушысы қашықтан оқуға көшсе, 292 бала қағаз тасымалдағышта білім алмақ. Жалпы қашықтан оқытудың өзі үш тәсіл негізінде: мұғалімнің өз бетінше интернет платформалары арқылы, теледидарлық және радио арқылы аудиосабақ, сондай-ақ алдын ала дайындалған сабақ жоспары арқылы қағаз тасымалдағыштың көмегімен. Десе де толыққанды шешімін таппаған интернет мәселесі бұған мүмкіндік бере ме? Жауапты тұлғалардың сөзінше, өткен жылы аудандағы бірде-бір ауылға ғаламтор желісі тартылмаған. Әрине, барлығын бірден қамту мүмкін емес. Соған қарамастан аталған жұмыс тұрғындар саны 500-1000 адамды қамтитын ауылдарда нақты қолға алынса, кез келген ұстаздар, студенттер мен оқушылар үшін тамаша тосынсый болары сөзсіз.
Мәлім болғандай, қазіргі уақытта Ұлан ауданы бойынша 24 елді мекенде ғаламтор желісі ішінара немесе толық тартылмаған. Атап айтсақ, Жанұзақ, Борсақ, Ақтөбе, Азовое, Ново-Азовое, Бетқұдық, Жаңа Қанай, Манат, Жоғарғы Тайынты, Украинка, Бестерек, Жантас, Тоғанас және тағы басқалары. Анығы сол, мақалаға арқау болып отырған интернет мәселесі аталған ауылдардың көпшілігінде сол күйі шешімін таппайтын сыңайлы. Себебі, интернет желісі мен оның жылдамдығын арттыру, оған қоса кей ауылдарға ұялы байланыс орнату біршама қаржыны қажет етеді. Облыстық және аудандық қазыналардан жеткілікті сома бөлінбесе, тірнектеп қолға алған тірліктің тез арада шешімін табуы екіталай. Десе де жауапты тұлғалардың қол қусырып отырмай, бір амалын іздестіріп жатқандықтары көңілге аз да болса медеу болды. Қазір «ҚаР-Тел» ЖШС және «Қазақтелеком» АҚ өз қаражаты есебінен 2020 жылдың желтоқсан айында Тарғын, Бозанбай, Асубұлақ, Ұлан, Ново-Азовое, Баяш-Өтепов, Жанұзақ, Огневка, Отрадное, Жоғарғы Тайынты және Ізғұтты Айтықов ауылдарына интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ