Облыстық ветеринария басқармасы Сағыр ауылындағы малдан бруцеллез ауруының анықталғанын растап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аурудың анықталғаны рас!
– Сағыр ауылында ірі қара малдың етін пайдалануға шектеу қойылғандықтан, республикалық эпизотияға қарсы отряды Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мамандары ветеринариялық іс-шараларды жүргізеді, – дейді ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Савина. – Бір рет 1357 бас ірі қара малдан бруцеллез ауруына қарсы қан алынып, тексергенде 54 бас мал оң нәтиже көрсетті. Ал екінші рет 1282 бас ірі қара мал тексерілгенде 71 бас оң нәтиже берді.
Сағырлық тұрғындар аурудың бірінші емес, екінші мәрте қан алғанда ғана анықталуына түсінбейә әлек. Ал Светлана Савинаның айтуынша, бруцеллез ауруына диагностикалық зерттеулер жүргізгенде бірінші сараптамада мал жұқпалы инфекциядан аман болып, қайталап қан алғанда нәтижесінің оң болып шығу жайлары кездесіп жатады. Осыған байланысты аурудың өту кезеңінде «прозон феномені», яғни бруцеллезге жалған теріс талдау нәтижесін көрсетуі ықтимал. Бұл феномен жануардың қансарсуының физикалық-химиялық құрамының өзгеруімен байланысты.
Шектеудің де шегі бар
– Малда бруцеллез ауруы анықталса тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас ветеринариялық дәрігері сараптама актісін шығарады, – дейді мемлекеттік органның өкілі. – Аталмыш актінің нәтижесі бойынша малдың иесі ауру белгісі анықталған малдарды оқшаулап, 15 күн ішінде оларды соятын нысандарға, яғни ет комбинатына немесе сою пунктіне санитарлық союға жібереді. Ал жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі сою нысандарының басшыларымен бірлесе отырып, бруцеллезбен ауыратын жануарларды сою үшін аптаның бір күн санитарлық сою күн ретінде белгілейді. Бруцеллез ауруына оң нәтиже берген ауылшаруашылығы малдарын арнайы мал сою орнына тапсыру үшін Ұлан аудандық ветеринария бөлімі Өскемен қаласындағы «Ұлан» ет-консерві зауытымен өзара келісім-шартқа отырған.
Ет комбинатының ірі қара мен қой етін мал иесінің келісімімен ғана қабылдайтынын алға тартқан мемлекеттік қызметші Сағыр ауылында қойылған шектеудің барлық ірі қара малдан екі рет теріс нәтиже алынып, барлық қажетті шаралар жүргізілгеннен кейін ғана алынатынын хабарлады.
– Қойылған шектеу ҚР Ауылшаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы бұйрығына сәйкес барлық ірі қара мал басынан екі рет теріс нәтиже алғаннан кейін және эпизотиялық ошақтағы малдардың басқа түрлерінің мал басынан теріс нәтиже алғаннан кейін, сонымен қатар қорытынды дезинфекция жүргізілген соң инспекция ұсынысымен шектеу іс-шаралары алынады. Еліміздің «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 14-бабының 6-тармағы бойынша лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне не өтініш бойынша қабылдаған шешімге келіспесе шағым жасауға құқылы, – дейді ол.