«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық шарасы барысында Ұлан ауданының қос тұрғынының заңсыз екі сілеусін аулағаны анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Әсет Сәбиев Каменка ауылының «Хансар» учаскесінде мысық тұқымдастың ізіне түскендердің иттердің көмегіне жүгінгенін анықтаған.
- Аталған факті бойынша рұқсатсыз аң аулаған Каменка ауылының 32 және 49 жастағы екі тұрғыны анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК - нің 382-бабы 1-бөлігіне (Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзғандарын анықтауда. Облыс жолдарында мас күйінде рөлге отырған 27 жүргізуші ұсталып, автокөліктері арнайы тұраққа қамалды.