Ұлан ауданының тұрғыны айтқанын орындаудан бас тартқан жылқышыны ұрып өлтірген

684
көрілім

Қайсенов кентінде бірге жұмыс істейтін ер адамдар ащы судан ұрттап отырады. Араға біраз уақыт салып, олардың бірі бөтелкелесіне жылқыларды жайғап, оларға жем-шөбін салу керектігін айтқан. Алайда масайған еркек бұл сөзді тыңдамай, жатын бөлмеге кетіп қалады. Сол кезде өне бойын ыза кернеген ұландық оның артынан қуып жетіп, соққының астына алады. Осыған байланысты сот ісі Ұлан аудандық сотында қаралған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аманжолов көшесіндегі кешкі сағат 18.00-де жертөледе бас қосқан Қадырбек, Сұңғат, Ақтөре мен Владимир төртеуі (есімдері толықтай өзгертілген) арақ ішіп отырады. Әңгіме-дүкен құрысқан олардың барлығы бір шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істейтін. Бірнеше сағаттан кейін Сұңғат Қадырбекке жылқыларды жайғап, оларға жем-шөбін салу керектігін айтады. Бірақ ер адам бұған көнбей, ұйықтайтын бөлмеге кетіп қалған. Бұған ашуланған 43 жастағы еркек әріптестерінің алдында өз беделін түсірмес үшін лезде оның артынан жүгіре жөнеледі. Бұрыннан бері спортпен шұғылданатын шымыр денелі ұландық Қадырбекті қуып жетіп, жұдырықпен оң және сол жақ кұлақтарынан, бетінен аясыз ұрғылайды. Төбелес болып жатқанын естіген Ақтөре екеуіне араша түсіп, оңбай таяқ жеген жәбірленушіні қолтықтап апарып диванға жатқызған.

Екі сағаттан кейін 3 ер адам ішімдік ішулерін ары қарай жалғастырады. Кенет олардың қасына Қадырбек қайта келіп отырмақшы болады. Оны көрген Сұңғат ашу шақырып, Владимирдің «қой-қойлағанына» қарамастан жылқышыны ұрып, жерге құлатады. Екінші мәрте араша түскен Ақтөре Қадырбекті сүйрелеп, тағы да диванға апарған. Таңғы сағат 04.00-де арақтары таусылған малшылар ұйқыға бас қояды.

Келесі күні таңертең 07.30-да Сұңғат, Ақтөре мен Владимир үшеуі бір мезгілде оянады. Ал Қадырбек жатын бөлмеде бүк түсіп әлі жатыр. Бірақ диванда емес, жерде. Тұрғызып көріп еді, көзін ашар түрі жоқ. Сөйтсе, оның жүрегі тоқтап қалған екен. Сот-медициналық сараптама нәтижесінен белгілі болғандай, жәбірленуші алған соққыларынан жантәсілім еткен.

Сот барысында өз кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы ҚР ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге түрмеге қамалды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Асқар ТҰМАРБЕК