Бұл жайлы аудандық соттың іс-материалдарынан белгілі болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кешкі уақытта Айыртау ауылы Попов көшесіндегі жер үйде 7 ер адам бас қосқан. «Е-е бәрі қосылып сол баяғы ішімдік ішкен шығар» дейсіз ғой. Жоқ, бұл жолы еркектер әңгіме-дүкен құрып, карта ойнап отырады. Алайда олардың бірі картаға құлықсыздық танытқан. Сол кезде оған достарының арасынан «Кел, бізбен бірге ойнасаңшы» деп ұсыныс жасаған біреу табылды. Алайда ер адам бұған келіспеді. Ал әлгі еркек одан сайын көндіре түскен. Сөйтіп, сөзден сөз шығып, екеуінің арасында ерегес туындайды. Бағанадан бері ойынға тартып отырған ұландық қолына пышақ алып, досының ішіне сұғып жіберген. Абырой болғанда, ауыр жарақат алған жәбірленуші ажалдан аман қалды.
Ұлан аудандық сотының үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді.