Ұлан ауданының тұрғыны ұрлаған көлігімен жол апатына ұшыраған

446
көрілім

Наурыз айының басында Ұлан аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, ауласындағы «Toyota» маркалы автокөлігін ұрлап кеткенін айтқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Көлігінің ұрланғаны жөнінде тағы бір адам полицияға шағымданды. ШҚО ПД баспасөз қызметінің ақпаратынша, әлдекім Бозанбай ауылы тұрғынының «Chevrolet» көлігін айдап кеткен.

– Хабарлама түсісімен полиция қызметкерлері дереу іздеу шараларына кіріскен. Осылайша, жарияланған «Тосқауыл» жоспары, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде екі автомобиль де табылды, – делінген мәліметте.

Анықталғандай, күдікті көліктің бірін аударып, «Өскемен-Самар» тасжолында қалдырған, ал екіншісі мәшине істен шыққан күйде Бозанбай ауылының аумағынан табылған.

– Полиция қызметкерлері ұрлық жасады деген күдікпен бұрын сотталған облыс орталығының 28 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Оған қатысты ҚР ҚК - нің 200-бабы 1-бөлігіне (Айдап әкету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді ПД баспасөз қызметіндегілер.