Ұлан ауданының Жоғарғы Тайынты ауылында қасқырлар малға шабуда

1359
көрілім

Өңірдің біршама елді мекенінде қалың қар жауып, халықты қалжыратқаны аздай, түз тағысы ауылдың іргесіне дейін келіп төніп тұрғаны тосыннан болған соққыдай әсер қалдырды. Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлан ауданының Жоғарғы Тайынты ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз малға қасқыр шауып, тұрғындардың әбден үрейленгенін жеткізген болатын. Осы ретте газет тілшісі аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп, жағдайды бақылауға алуда қандай шаралар қолданылғанын сұрастырып көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Шетінен қырып жатыр...»

Тарғын ауылдық округіне қарасты Жоғарғы Тайынты ауылының тұрғындары қара жерді қар басқан уақытта да, қыстың лебін байқатар күрең күзде де тосыннан кеп шабатын қасқырлардан үнемі үрейленеді. Аудан әкімдігінің берген сұраухат жауабына сүйенсек, аталмыш ауылдағы тұрғындар саны – 454. Жайылымның малға жайлы болуына қарай жоғарғытайынтылықтар негізінен мал бағып, күнкөріс жасауда. Дегенмен жақын маңда жүріп жемтік іздеген түз тағылары осыдан бір жеті бұрын ауыл іргесіне дейін келіп тебінде жүрген 9 жасар айғырды жеп кеткен. Жылқының иесі – Фазыл Шакиров.

– Атып алайық десек рұқсат қағазымыз да, мылтығымыз да жоқ. Қасқыр болса малға тиіп, шетінен қырып жатыр. Кімнен барып көмек сұраймыз? Бір жағынан күнкөріс те осы малға қарап тұр. Үш шақырым жерге үйірімен келген сыңайлы, енді адамдарды жазым етпесе игі еді, – дейді ол.

Расымен де. Топ қасқыр айғырды жан-жақтан қаумалап, жануар жан бермеуге жанталасып, азулы аңдармен біршама уақыт арпалысып баққан көрінеді. Белгілі болғандай, Тайынты ауылдық округінде осыған дейін де қасқырлардың жайылымдағы малдарға шабу фактісі тіркелген. Жауапты тұлғалар нақты деректер келтірмей, жалпылай жауап беруді жөн көріпті. Жалпы, аудан әкімдігінің не жоспары бар? Сұраухат жауабына сүйенсек, 6 ақпан күні Ұлан ауданы полиция бөлімінің бастығы Нүркен Көпжасаровтың атынан ШҚО «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету отряды» мекемесінің басшысына хат жолданған. Әкімдік тарапы да аңшылар одағының мүшелерінен жағдайды реттеу үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп, қасқыр атуға көмек көрсетуді сұраған екен. Аудан әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаеваның сөзінше, аталмыш оқиғадан кейін тұрғындар тарапынан басқа шағымдар келіп түскен жоқ. Десе де кей тұрғындар күзден бері қасқыр шабуылын күшейткенін жеткізді. Оған қоса ұқсас фактілер өткен жылдың желтоқсан айында Белогор кенті, Тарғын және Алғабас ауылдарында тіркеліп, 5 шағым-арыз келіп түскен.

Рұқсат қағазды қайдан алуға болады?

– Тұрғындар тарапынан қасқыр шапқаны туралы өтініштер түссе бірден ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарланып, мал шығыны туралы толық ақпарат беріліп отырады. Аңшылармен келіссөз жүргізілді. Жақында Өскеменнен аңшылар жасағы келіп, Тарғын ауылдық округінің аумағында аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Жалпы, аң аулауға рұқсат қағазын жоғарыда аталған облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алуға болатынын айта кетейік.

Әділхан ЕСІМХАНОВ