Ұлан ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін ауыл атауы жазылған тақтайшаның жоқтығына наразы

4497
көрілім

Бәлкім бүйректен сирақ шығарып, түйедейді түймедей еткен болып көрінуі мүмкін көпшілікке. Тағы да жол белгісіне қатысты мәселе. Тағы да Ұлан ауылы (Шымқора). Естеріңізде болса, осыған дейін аталған ауылда жол белгісіндегі жазуларда біркелкілік сақталмағандығы жөнінде мақала жарық көрген еді. Олқылықтың орны толатыны жөнінде аудан әкімдігі уәде берген еді. Алайда тұрғындар тарапынан түскен қоңыраулардан соң сол жаққа тағы бір мәрте атізін салып қайтқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жол белгісі бар еді

Иә, осыдан екі апта бұрын уәденің осы уақытқа дейін орындалмай жатқандығына көз жеткізіп, тұрғындардың өзге де өтініштеріне құлақ түрейік деп арнайы бардық. Ары қарай Жарма ауданына апаратын жолдан солға бұрылғанымызда «ҰЛАН, қош келдіңіздер» деген аркаға келіп бір тоқтадық. Неге? Алғаш барғанымызда арканың маңында «Уланка» деген жол белгісі тұрған еді. Сол жоқ. Басында ауыл атауы жазылған тақтайшаның жоқтығын аңғармай да қалдық. Жоспарлаған жұмыстарды біржақты етіп, ауыл ішімен бір жүріп өткен соң кіреберіс тұста жол жиегіне бажайлай қарауды жөн көрдік. Шынымен де. Әу баста «с.Уланка» деген жазумен тұрған жол белгісі мүлде алынып тасталыпты.

– Қазірде жол белгісін өзгертуге қаржы бөлу туралы мәселе көтеріліп, арнайы тапсырыс берілді. Қаржы бөлінген соң жол белгісі өзгертіліп, қазақ тіліндегі нұсқасымен жазылатын болады, – деген еді Нұрхат Садықұлы бастапқыда.

«Жаңадан дайындалды»

Бір есептен тұрғындар тарапынан «Осы бір тақтайшаға неліктен килікті екен?» деген сауалдар да болуы мүмкін. Бұл жерде шағын болсын, тіршілігі қайнап тұрған елді мекен бе, ауыл атауының бірізділікке бағынуы ауыл құжатының сақталауын аңғартады. Оған қоса, кіреберісте орыс тілінде, ауылдан шыға бере қазақшалануы аудан және округ әкімдігінің осы уақытқа дейін ескермегендігін көрсетеді. Дегенмен жуырда сол мәселе бойынша тағы бір мәрте сұраухат жіберген едік. Жауабы көп күттірген жоқ. Аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бустакбаевтан келді. Оның сөзінше, мәселе осы жолы нақты шешімін тапқан.

– «Ұлан ауылы» атауы жазылған жолбелгі жаңадан дайындалды. Жиырма бесінші қыркүйекке дейін жаңа жолбелгі орнатылады, – деді ол.

Әрине, айтылған сөздің іспен қабысуы қуантарлық жайт. Десе де шынымен шешімін тапқан-таппағандығын білу үшін тағы бір мәрте атбасын бұрып қайту қажет сыңайлы. Тұрғындар сөзінше, кейде келімді-кетімді көліктер кіреберістен жүйіткігеннен ауылға сол екпінмен кіруде. Жолбелгісінің жоқ болуы да осындай келеңсіздіктің орын алуына себепкер. Әйтеуір бөлім басшысы «жиырма бес» деген санды баса айтты. Сөзінің соңын күтейік.